Қостанайда медицина қызметкері егде жастағы ер адамды аяусыз соққыға жыққан

Қаракөз Амантай 25 қыр. 2025 09:36

Қостанайда Уақытша бейімдеу және детоксикация орталығының қызметкері жасы үлкен ер адамды қатыгездікпен соққыға жыққан, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қарт кісінің соққыға жығылған сәті түсірілген видеоны оның қызы жариялады. Айтуынша, 27 шілде күні 61 жастағы әкесін аталған орталыққа жеткізген. Сол жерде медицина қызметкері оны ұрып-соққан. Қызының айтуынша, әкесінің камерада темекі тұтатқанын себеп қылып, оған қол көтерген. Салдарынан ер адам ауыр жарақат алып, қабырғалары сынған әрі бүйрегіне зақым келген. Кейін дәрігерлер зақымданған бүйрегін алып тастауға мәжбүр болған.

Қостанай облыстық полиция департаменті күдіктінің ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынғанын хабарлады.

“Биылғы жылдың шілде айында қасақана ауыр дене жарақатын келтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу амалдары жүргізілуде”, – делінген полицияның ресми хабарламасында.

Жақын күндері қылмыстық іс материалдары сотқа жолданбақ.

Айта кетейік, биыл шілде айында Қостанай қаласының ауруханасында науқастардың бірі отадан шыққан дәрігерге шабуыл жасаған еді. Дәрігер жансақтау бөліміне түсті. Оның бас сүйегі сынған, миы шайқалып, ауыр жарақат алған. Кейін ол медициналық авиация арқылы Астанаға жеткізілді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар