Қостанай облысы денсаулық сақтау басқармасының экс-басшысы мен қазіргі орынбасары ірі көлемдегі жымқыру бойынша ұсталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қостанай облысының прокуратурасы өзге де құқық қорғау және уәкілетті органдармен бірлесіп медициналық жабдықтарды сатып алу саласында жемқорлық схемасын анықтады.
Тергеу дерегіне сәйкес, өңірдегі денсаулық сақтау басқармасының өкілдері медициналық жабдықтарды нарықтық бағадан бірнеше есе қымбатқа сатып алған. Соның салдарынан мемлекетке келтірілген шығын көлемі 2 млрд теңгеден асты.
Қылмыстық іс аясында Қостанай облысы әкімдігінің «Денсаулық сақтау басқармасы» мемлекеттік мекемесінің бұрынғы басшысы, басқарманың қазіргі орынбасары, аудандық бас дәрігер, сондай-ақ медициналық жабдық жеткізуші ұсталды.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Өзге мәліметтер тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді.
