Қостанай облысында бухгалтер бюджет қаражатын ұрлаған іс бойынша соталды тергеу басталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қарабалық ауданының прокуратурасы Новотроицк ауылдық округі әкімі аппаратының бухгалтері 9,8 млн теңге көлемінде бюджет қаражатын ұрлағанын анықтады.
"Штат кестесі мен банк шоттарын салыстыру барысында 4 жыл ішінде өзіне артық соманы есептеген бухгалтердің төленген және нақты төлену керек жалақысы арасындағы айырмашылық анықталды. Осы дерек бойынша аудан прокуратурасы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 3-бөлігінің 1) тармағы, яғни ірі мөлшерде ұрлау бойынша соталды тергеп-тексеруді бастады", - деп жазылған хабарламада.
Бұл баптың санкциясы 2 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.
Қосымша жаза ретінде мүлікті тәркілеу, сондай-ақ, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен алты жылға дейін айналысу құқығынан айыру қарастырылған.