Қостанай облысы — Қазақстанның негізгі автомобиль кластері

Қаракөз Амантай 29 жел. 2025 10:39

Қазақстанның автомобиль өнеркәсібі рекорд жаңартты. 2025 жылдың қараша айында 25,8 мың жеңіл автокөлік сатылып, жоғары көрсеткішке жетті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның 7,8 мың данасы — Қостанайда құрастырылған Chevrolet маркалы автомобильдері. Одан кейінгі орындарда Hyundai (5,3 мың) және Kia (2 мың) автокөліктері тұр. 

Жалпы, 2025 жылдың қаңтар–қараша айлары аралығында жеңіл автокөлік сатылымы 207,6 мыңға жетті, бұл 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 15,6% көп. Бұдан да маңыздысы — 11 айда сатылған жеңіл автокөліктің көлемі бүкіл 2024 жылдың рекордтық көрсеткішінен 1,2%-ға артық болды. Осылайша, былтырғы рекорд жаңартылды.


Отандық автозауыттар 2025 жылдың қаңтар–қараша айларында конвейерден 146,2 мың бірлік автокөлік техникасын шығарды, оның 132,7 мыңы — жеңіл автомобильдер.

Сектор бойынша көшбасшы — Қостанай облысындағы Allur компаниясы: 11 айда 79,2 мың бірлік өнім шығарып, елдегі жалпы өндірістің 54,2%-ын құрады.

Одан кейін Алматыдағы Hyundai Trans Kazakhstan және Hyundai Trans Almaty кәсіпорындары — 48,5 мың бірлік. Сондай-ақ автокөлік техникасының елеулі көлемі Шығыс Қазақстандағы «СемАЗ» және Daewoo Bus Kazakhstan (3,7 мың бірлік), Қарағанды облысындағы QazTehna (2,1 мың бірлік) және Ақмола облысындағы «КАМАЗ-Инжиниринг» (1,1 мың бірлік) өндірістеріне тиесілі.

2025 жылдың қараша айында автомобильдер, тіркемелер және жартылай тіркемелер өндірісінің құны 311 млрд теңгені құрады, ал қаңтар–қараша кезеңіндегі көлем 2 трлн теңгеден асты. Бұл — 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ақшалай мәнде 25,4%-ға көп (НӨС — 115,2%). Өндірістің өсуі автопромның ел индустриясындағы рөлін күшейтті: автокөлік өнеркәсібі машина жасаудың 41,7%-ын құрады және саладағы негізгі сегмент мәртебесін нығайтты.

Сонымен қатар автомобильдер, тіркемелер және жартылай тіркемелер өндірісінің үлесі өңдеу өнеркәсібінде 7,5%-ға, жалпы өнеркәсіп құрылымында 3,7%-ға жетті. Бұл өндіріс өсімінің жоғары қосылған құнға ие машина жасау және құрастыру секторына қарай ығыса түскенін көрсетеді.

Автокөлік өнеркәсібінің дамуына негізгі үлесті өндірістік қуаттары шоғырланған Қостанай облысы (Allur) қосты. Өңірге автомобильдер, тіркемелер және жартылай тіркемелер өндірісінің жалпы көлемінің жартысына жуығы тиесілі. Автопром облыстың өнеркәсіп құрылымында басым орынға ие: оның үлесі машина жасауда — 81,6%, өңдеу өнеркәсібінде — 45,4%, ал жалпы өнеркәсіпте — шамамен үштен бірін құрайды. Бұл саланың Қостанай облысының негізгі индустриялық драйвері екенін айғақтайды.

Алматы қаласында да автопром өнеркәсіп құрылымында маңызды орын алады. Мұнда автомобиль өнеркәсібінің үлесі қаладағы машина жасаудың 80,3%-ын, өңдеу өнеркәсібінің 37,6%-ын және жалпы өнеркәсіптің 32%-ын құрады. Бұл мегаполистегі автосалалық өндірістердің жоғары шоғырланғанын көрсетеді.

Алайда жалпыұлттық деңгейде автомобиль жасау сегментінде Қостанай облысы айқын ерекшеленеді. Өңірдің автопромы Қазақстандағы бүкіл машина жасаудың 20,5%-ына, өңдеу өнеркәсібінің 3,7%-ына және ел өнеркәсібінің жалпы көлемінің шамамен 2%-ына үлес қосты. Салыстыру үшін: қалған барлық өңірлердің жиынтық үлесі машина жасауда — 21,2%, өңдеу өнеркәсібінде — 3,8%, өнеркәсіпте — 1,9%.

Жалақы динамикасы автопромның экономикалық рөлінің өзгерісін де көрсетіп отыр. 2015 жылы автомобиль өнеркәсібіндегі орташа айлық жалақы республикалық деңгейден небәрі 5,3%-ға жоғары болды. Ал 2024 жылдың қорытындысы бойынша айырмашылық едәуір ұлғайды: саладғы орташа жалақы ел бойынша орташа көрсеткіштен шамамен 1,5 есе көп — 579 мың және 384,3 мың теңге.

Қазақстанның негізгі автомобиль кластері саналатын Қостанай облысында 2015 жылы автопромдағы орташа жалақы өңірлік деңгейден 0,3%-ға төмен болса, 2024 жылы керісінше 29,1%-ға, яғни 90,9 мың теңгеге жоғары болды: тиісінше 402,9 мың және 312 мың теңге.

  • шағын кәсіпорындарды қоса есептегенде

Қостанай облысындағы автомобиль өнеркәсібінің дамуы өңірдің экономикалық белсенділігін айтарлықтай арттырып отыр: сала өнеркәсіп өндірісінің маңызды бөлігін қалыптастырып қана қоймай, қызметкерлердің кірістерін өсіру арқылы өңірлік құрылымды және қосылған құнды нығайтады. Автопром — өңір экономикасының негізгі локомотиві әрі салалық шоғырлану өнімділік өсіміне және жалпыұлттық экономикаға қалай әсер ететінінің айқын үлгісі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар