Қостанай — жас мамандардың тартымды орталығына айналып келеді

Dalanews 13 нау. 2026 12:53

Бүгінде Қостанай Қазақстанның автомобиль индустриясындағы маңызды орталықтардың бірі саналады. Дәл осы өңірде елдегі ең ірі автокөлік зауыттарының бірі – Allur орналасқан.

Әрбір шығарылған көліктің, өндірістік желінің және технологиялық үдерістің артында адамдардың еңбегі тұр. Бүгінде кәсіпорын еліміздің түрлі өңірінен келген мамандарды, инженерлерді, слесарьлар мен технологтарды біріктіріп отыр. Олардың көпшілігі Қостанайға алғашында өндірістік тәжірибе немесе оқу бағдарламалары аясында келіп, кейін автокөлік саласында мансап құру үшін осында қалып қоюды жөн көреді.

Осындай мамандардың бірі – Allur зауытының кузовты бояу цехындағы бояушы-өңдеуші Кәмшат Тілеуова. Ол Қостанайға Ақтау қаласынан қоныс аударған.

Кәмшаттың зауыттағы жолы студент кезінен басталған. Ол Satbayev University университетімен серіктестік бағдарламасы аясында тәжірибеден өту үшін кәсіпорынға келген. Өндірістік тәжірибеден өтетін студенттерге жатын орын мен тамақ ұсынылып, сонымен қатар жалақы да төленеді. Allur зауытының базасында машина жасау және автомобиль жасау салалары бойынша алты базалық кафедра жұмыс істейді және 18 білім беру бағдарламасы әзірленген.

Кәмшаттың өндірістік тәжірибесі 2024 жылдың қыркүйегінен 2025 жылдың мамырына дейін жалғасты.

«Бізді Алматыдан тәжірибеден өтуге жіберді. Әрқайсымыз түрлі цехтарда жұмыс істедік: көптеген студенттер Kia өндіріс желісінде болды, ал мен кузовты бояу цехында тәжірибеден өттім. Тәжірибеден кейін дипломымды қорғау үшін Алматыға бардым. Бірақ біраз уақыттан соң Қостанайға қайта оралуды жөн көрдім», – дейді Кәмшат.


Дипломын қорғағаннан кейін ол полировка учаскесіндегі бос орын туралы естіп, өз күшін сынап көруге шешім қабылдайды. Жаңа қалаға көшу оңай шешім болмағанын жасырмайды.

«Бұған екі себеп әсер етті. Біріншіден – ұжым. Әріптестеріммен жақын араласып кеттім, бәрі маған жылы қарым-қатынас танытты. Екіншіден – қаланың өзі. Қостанай табиғатымен, ауа райымен, адамдарымен ұнады. Зауытта жас мамандарға даму үшін көптеген мүмкіндік беріледі. Әрине, бастапқыда “қолымнан келе ме?” деген күмән болды. Бірақ достарыммен, әріптестеріммен сөйлескеннен кейін бұл қадамға барғым келетінін түсіндім. Бұл мен үшін әрі мансаптық, әрі жеке өмірлік сынақ болды», – дейді ол.

Қазір Камшат кузовты бояу цехында бояушы-полировщик болып жұмыс істейді. Оның негізгі міндеті – автомобиль кузовтарын келесі құрастыру кезеңіне жіберер алдында мінсіз күйге жеткізу. Камшаттың айтуынша, жұмыста әріптестердің қолдауы ерекше маңызды.

«Мен әртүрлі жастағы адамдармен тіл табысуды, командада жұмыс істеуді және өз ісіме жауапкершілікпен қарауды үйрендім. Біз әрқашан бір-бірімізге көмектесеміз. Қазір өзімді толыққанды маман ретінде сезінемін және зауыттың, жалпы саланың дамуына өз үлесімді қосып жүргенімді түсінемін», – дейді ол.

Allur компаниясы бірнеше жылдан бері еліміздің жетекші университеттері мен бейінді колледждерінде дуальды білім беру бағдарламасын дамытып келеді. Көптеген студенттер зауытта тәжірибеден өткеннен кейін осы кәсіпорында жұмысын жалғастыру туралы шешім қабылдайды.

Алайда Қостанай тек жас мамандарды ғана емес, тәжірибелі кәсіби кадрларды да өзіне тартып отыр. Солардың бірі – жеткізушілер сапасын басқару бөлімінің басшысы Әсет Сүгралиев. Ол Қостанайға Орал қаласынан көшіп келген.

«Сол кезеңде мен автокөлік өнеркәсібіне ауысу мүмкіндігін қарастырып жүрген едім. Allur компаниясындағы бос орынды көргенде, өз тәжірибемнің бұл кәсіпорынға пайдалы болатынын түсіндім. Сондықтан бірден компания өкілдерімен байланысқа шықтым», – дейді Әсет.


Бұған дейін ол Оралда, Алматыда, Қазанда және Астанада жұмыс істеген. Оның айтуынша, қала ауыстыру – кәсіби дамудың табиғи бір бөлігі.

Қазір Әсет өндіріс желісіне жеткізілетін компоненттердің сапасын алдын ала бақылауға жауапты бағытты басқарады.

«Біздің міндетіміз – жеткізушілермен жүйелі жұмыс жүргізіп, компоненттердің тұрақты сапасын қамтамасыз ету. Біз тек ақауларды анықтап қана қоймай, олардың себептерін жеткізушілер жағында жою бағытында да жұмыс істейміз», – дейді ол.


Бүгінде Кәмшат пен Әсет секілді мамандардың еңбек жолы еліміздің жаңа индустриялық картасын қалыптастырып келеді. Түрлі қаладан және әртүрлі кәсіби тәжірибемен келген адамдар Қостанайға жиналып, Қазақстандағы ең ірі автокөлік зауыттарының бірінде еңбек етуде. Олардың кәсібилігі, даму жолындағы талпынысы мен командалық рухының арқасында Allur стратегиялық маңызы бар кәсіпорын ретіндегі мәртебесін нығайтып, ал Қостанай бүкіл ел бойынша мамандарды өзіне тартатын орталыққа айналуда.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove