Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев бюджет есебінен әкім аппаратына қымбат автокөлік сатып алған, - деп хабарлайды Dalanews.kz "Наша газета" басылымына сілтеп.
Жаңа автокөлікті сатып алуға әкім аппараты 23 миллион теңге бөлді. Қостанай әкімі бұған дейін 2010 жылғы Lexus LX570 автокөлігін қолданғанн. Әкімнің сөзінше, бұрынғы көлік толық ескіріп кеткен көрінеді.
"Біріншіден, көлік тек мен үшін арналмаған. Оны әкімдік аппараты сатып алды. Бұрынғы көлікті жөндеуге өте көп қаражат кетеді. Аппаратта ақша көп емес, сондықтан жыл сайын көлікті жөндеуге бес миллион теңге жұмсау дұрыс емес деп санаймын", - дейді Қостанай әкімі.
Оның сөзінше, автокөлікті сатып алуға арналған конкурс өткізілген. Жаңа Kia Sorento автокөлігін сатып алуға 23 миллион теңге жұмсалмақ.
Фото: kia.com.kz
"Иә, мен оны қолданамын, себебі басқа амал жоқ. Қалада жаяу жүре алмаймын. Өзіміздің автоөнеркәсіп өндіретін автокөлікті сатып алғанымыз дұрыс деп ойлаймын. Оны тек мен емес, әкім аппаратындағы өзге адамдар да қолданады", - дейді Марат Жүндібаев.