Қостанайлық суретші Ақтауда қаза тапқан 14 сарбазға ескерткіш қоюды ұсынды

Қостанайлық суретші Ақтауда қаза тапқан 14 сарбазға ескерткіш қоюды ұсынды
әлеуметтік желіден

Қостанайлық суретші әрі ұстаз Алмұрат Ахметов Ақтауда оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан 14 әскери қызметшінің рухына арналған ескерткіш жобасын ұсынды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жобада аспанға қалықтап ұшқан 14 құс бейнеленген. Әр құс қаза тапқан бір сарбаздың символы ретінде көрсетілген.

Автордың айтуынша, ескерткіш арқылы қаза тапқан сарбаздардың рухына тағзым етіп, олардың ерлігі мен есімін ел жадында мәңгі қалдыру көзделген. Жоба әлеуметтік желіде көпшіліктің назарын аударып, қолдау тапты.

Пікірлер арасында 2015 жылы қаза тапқан төрт сарбаздың да есімін ескерткішке енгізу туралы ұсыныс айтылды.

Еске салсақ, қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде болған. Суға кеткен 17 әскери қызметшінің 14-і қаза тапты, үшеуі құтқарылды. 

Осыған байланысты 25 қыркүйек - Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. 

Қайғылы оқиғаға қатысты 12 сараптама тағайындалды. Сонымен қатар, трагедияға байланысты күдіктілер анықталды. Қорғаныс министрлігінен бес адам ұсталды.