Қостанай қаласындағы көпқабатты тұрғын үй құрылысы жүріп жатқан нысанда 11 шетелдік азаматтың заңсыз еңбек етіп жүргені анықталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Көші-қон қызметі полициясының мәліметінше, ұсталғандар – көршілес мемлекеттердің азаматтары. Олар құрылыс алаңында жұмыс істегенімен, ресми құжаттарда қазақстандықтардың жеке шаруашылықтарында еңбек ететін қызметкерлер ретінде тіркелген.
Заңсыз еңбек қызметімен айналысқаны анықталған шетелдіктерге қатысты әкімшілік материалдар рәсімделіп, істері сотқа жолданды. Егер олардың кінәсі дәлелденсе, айыппұл салу немесе Қазақстан аумағынан шығарып жіберу түріндегі жаза қолданылуы мүмкін.
Аталған деректер полицияның «Нелегал» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында анықталған. Сонымен қатар рейд кезінде елден кету туралы сот шешімін орындамай, жасырын жүрген 28 жастағы шетелдік азамат та қолға түсті.
Сот шешімімен оған 30 тәулікке дейін жүріп-тұру еркіндігін шектеу шарасы қолданылып, Қазақстаннан мәжбүрлі түрде шығару туралы қаулы қабылданды. Құзырлы органдар оның ел аумағынан шығуын бақылауға алды.
Жалпы, биыл Қостанай облысында көші-қон заңнамасын бұзудың 170 дерегі тіркелген.