Ақмола облысының Қосшы қаласында Нұра–Есіл каналында 10 жастағы бала суға батып кетті. Қазіргі уақытта оқиға орнында сүңгуірлер мен төтенше жағдайлар қызметінің мамандары жұмыс жүргізіп жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қайғылы жағдай жергілікті тұрғындар жиі демалатын канал учаскесінде болған. Аптап ыстық күндері бұл аумаққа адамдар көп жиналғанымен, мұнда суға түсуге ресми түрде тыйым салынған.
Нұра–Есіл каналы стратегиялық гидротехникалық нысан болып саналады және техникалық сумен жабдықтау, ауыл шаруашылығы алқаптарын суару мен Есіл өзенінің су режимін реттеу үшін пайдаланылады. Сондықтан канал суы шомылуға арналмаған. Бұл туралы арнайы ескерту белгілері де орнатылған.
Соған қарамастан тұрғындар қауіпсіздік талаптарын жиі елемейді. Мамандардың айтуынша, каналдың беткі қабаты тыныш көрінгенімен, ол өте қауіпті. Нысанның ені шамамен 19 метрге жетсе, кей жерлерінің тереңдігі 3 метрге дейін барады.
Құтқарушылар ата-аналарды балаларды қараусыз қалдырмауға және суға түсуге тыйым салынған орындарда демалудан бас тартуға шақырады.
Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.