Қосшыда қаңғыбас ит қыз балаға шабуыл жасады: ол қашып үлгеріп, жеңіл жарақат алған. Қыздың қолында шағын гематома бар, алайда әлі күнге дейін шок күйінде қалып, көшеге шығудан қорқып жүр, деп хабарлайды Dalanews.kz Nayza Kokshe-ге сілтеме жасап.
Оқиға Алтын қазық көшесіндегі № 6 үйдің ауласында болды.
Басылым мәліметінше, қала тұрғындары әлеуметтік желілерде алаңдататын оқиғаларды бөлісіп жатыр.
«(Ит – ред.) екі баланың күртесін жыртып тастады. Ертең балалар мектепке барады, әркімнің бірдей апарып-әкелуге мүмкіндігі жоқ», – деп жазады ата-аналар.
Тұрғындардың айтуынша, иттер өте ірі, ал қашуға тырысу олардың «ашуын» күшейте түседі.
Қала тұрғындары уәкілетті органдардан алдын алу шараларын қабылдауды сұрап отыр: агрессивті жануарларды аулау, сондай-ақ үй иттерін чиптеу және иелерінің жауапкершілігін күшейту. Ветеринария басқармасына жолданған хаттарда тұрғындар «кәмелетке толмағандардың өмірі мен денсаулығына төнген қауіп фактісі бойынша тексеру жүргізуді» және «осындай жағдайлардың қайталануын болдырмау шараларын қабылдауды» талап еткен.
Ведомствоның мәліметінше, қаңғыбас жануарларды аулау мен чиптеуге бөлінген қаражат конкурстың нәтижесі бойынша 2025 жылғы желтоқсанның басында-ақ игерілген. Ал 2026 жылға жаңа конкурстар әзірге жарияланбаған. Сонымен қатар, Қосшыда өз ветеринариялық станциясы жоқ: барлық ветеринарлық қызметтер Целиноград ауданы тарапынан көрсетіледі.
Сарапшылар жергілікті қызметтің жоқтығы мен ресурстардың шектеулілігі, әсіресе балалар үшін, тұрғындарға қауіп төндіретінін атап өтті. Зооқорғау саласындағы мамандардың пікірінше, қаңғыбас иттер мәселесін оқиға болғаннан кейін жекелеген шаралармен шешу мүмкін емес. Материалда көрсетілгендей, жүйелі жұмыс қажет: тұрақты аулау, жануарларды ұстауды бақылау, чиптеу және халықты ақпараттандыру.
Қала тұрғындары ведомство жаңа шабуылдардың алдын алу мен балаларды қорғау нақты қалай жоспарланып отырғанын түсіндіруін күтуде. Ал әзірге жағдай шиеленісті күйінде қалып отыр: көптеген ата-ана балаларын ересектердің еріп жүруінсіз көшеге шығаруға жүрексінеді, делінген материалда.
