Қосымша білім берудің пандемия кезінде маңызы арта түсті

Dalanews 18 қар. 2020 12:43 892

Жас жеткіншектерге мектептен бөлек қосымша білім беру маңызды мәселе десек болады. Осы ретте ҚР БҒМ Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы директорының орынбасары Лилия Атажановамен сұхбаттасып, балаларға пандемия кезінде қосымша білім беру ісі қалай ұйымдастырылғаны жайында, карантин кезінде бұл бағыттағы жұмыстардың мәні мен мазмұны қаншалықты артқанын сұрап білдік. Енді соған назар аударсаңыздар.

 

– Лилия ханым, қазіргі таңда еліміз бойынша қанша қосымша білім беру ұйымдары бар? Қазіргі пандемия кезінде олардың жұмысын қалай бағалайсыз? Әңгімемізді осыдан бастасақ.

– Қосымша білім беру жүйесі жалпы білім беру жүйесінің ажырамас бір бөлшегі болып табылады. Сондықтан білімді ұрпақ дайындауда қосымша білім беру ұйымдарының маңызы зор.

Енді сұрағыңызға жауап берсем. Қазіргі таңда елімізде 1259 балаға қосымша білім беру ұйымдары жұмыс істейді. Оның 806-сы таза білім беру саласымен байланысты болса, 453-і спорт пен мәдениет саласы бойынша қызмет атқарады. Қазіргі таңда осы қосымша білім беру ұйымдарында миллионнан астам бала білімін жетілдіруде.

Биыл жер әлемді шарпыған пандемия да біздің жұмысымызға өз салқынын тигізді. Елімізде карантин жарияланған күннен бастап біздер қосымша білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагогтары оқу үрдісіне әдістемелік ұсынымдар енгіздік. Осы ретте Мемлекеттік санитарлық бақылау мекемесі  15 балаға дейінгі шағын топтарда жұмыс істеуге рұқсат берді. Осылайша, қазіргі таңда барлық санитарлық талаптарды сақтап, жұмысымызды жалғастырып жатырмыз. Әр аймақтың пандемия кезінде жұмысты ұйымдастыруға қатысты өзіндік жоспарлары дайындалып бекіткен. Сол жұмыс жоспарының аясынан бір елі де ауытқымай, жұмыс істеп жатқан жайымыз бар. Сабақ кестелерінің бәрі ата-аналармен келісілген.

– Сонда қосымша білім беру ұйымдары балалар үшін онлайн сабақтар өткізбей ме?   

– Жоқ. Онлайн режимде сабақтар жүріп жатыр. Әңгіме арасында елімізде мәдениет пен спорт саласы бойынша да қосымша білім беру ұйымдары жұмыс істейтінін айттық. Мәселен, музыка үйірмелерінде кейбір жеткіншектер қандай да бір аспап бойынша ұстаздарынан жеке жағдайда тәлім алады. Ал топтық жағдайда (15 адамға дейін) музыка тарихы сынды теориялық сабақтарды балалар бірге оқиды. Сабақ барысында барлық санитарлықтар сақталуы маңызды.

Өнер мен мәдениет, спорт саласы бойынша балаларды топтық оқыту режимі 1 қыркүйектен бастап қолға алынған. Ал еліміз бойынша қосымша білім беру ұйымдары 66 мың балаға қашықтан білім беруде. Ата-аналардың өтініші бойынша 40 мың бала топтық режимде білім алса, 30 мыңға жуық бала жеке оқытылып жатқанын айта кетуіміз керек.

Ал 15 қыркүйектен бастап еліміздегі оқушылар сарайы, аула клубтары, жас натуралистер, техниктер стансалары 500 мыңнан балаға қашықтан білім беруде. Осы ретте пандемияға байланысты биылғы оқу жылында көптеген іс-шараларды онлайн форматта өткізуге мәжбүр болып отырмыз.

– Қосымша білім ұйымдары балаларға түрлі бағытта білім беретіні белгілі. Сол бағыттарды тарқатып айтсаңыз?

–  Қазіргі таңда еліміз бойынша қосымша білім беру ұйымдары музыка, көркем-эстетика, ғылыми-техникалық экология, биология, туристік өлкетану және әлеуметтік педагогикалық бағыт бойынша жастардың білімін жетілдіреді.

– Өзіңіз атап өткен бағыттар бойынша қандай іс-шараларды қашықтан ұйымдастырып жатырсыздар?

– Қосымша білім беру жүйесінде бағыттар бойынша іс-шараларды ұйымдастырудың маңызы зор. Іс-шаралар мен түрлі олимпиадалар арқылы біздер балалардың білім деңгейін анықтап, педагогтардың жұмысын бағалауға болады. Сондықтан біздер қыркүйектің бел ортасынан бастап жоспарлаған іс-шараларымызды онлайн-форматта ұйымдастыруды бастап кеттік.

Айталық, қазіргі таңда ғылыми-техникалық бағытта авиа және авто модельдеу, роботқұрастыру, мамандық таңдау және музыка бойынша жыл сайын ұйымдастыратын байқауымыз биыл онлайн-форматта 53-рет ұйымдастырылды. Бұдан басқа, «Табиғатты аяла» деп аталатын республикалық форумымыз жоғары деңгейде өтіп, жас экологтарымыз аталмыш іс-шараға белсене қатысты. Қолданбалы өнер бағыты бойынша «Алтын қазына» деп аталатын байқауымыз да жоғары деңгейде өтті.

– Әңгімеңізге рақмет!

Айнұр ЖҰМАХАН.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар