Қорғаныс өнеркәсібін қалай жолға қоямыз? Министр өз ұсынысын айтты

Dalanews 18 шіл. 2022 15:07 638

Елімізде Қарулы күштердің 2030 жылға дейін жаңа тұжырымдамасы бекітілді деп хабарлайды Dalanews.kz.

Global Firepower (әлем елдерінің әскери қуатын зерттейтін ұйым, ред.) рейтингіне сенсек, халық саны 20 млн-ға жуықтайтын Қазақстан әскери қуаты жөнінен Орта Азия аумағында Өзбекстаннан кейін екінші орында тұр.

Рейтингті түзген сарапшылар елдің әскери әлеуеті мен әскери техникасын назарға алған екен.

Global Firepower дерегі бойынша Қазақстан Қарулы күштерінің иелегінде 300 танк, 1250 әскери брондалған көлік, 400-ден аса ракеталық құрылғы, 15 әскер кеме, 22-і тікұшақ және 240 әскери ұшақ бар.


«Қазақстандық әскери-техника негізінен Ресейден келеді. Ал Ресей өзінің әскери әл-қуаты жөнінен әлемде АҚШ-тан кейін екінші орында тұр», – дейді ұйым сарапшылары.

Global Firepower-дың мәліметінше КСРО тұсында елімізде әскери теңіз қаруларын, танкілердің қорғаныс құрылғыларын, ракета кешендерін, ПВО жүйелеріне қажетті қосымшалар әзірлейтін 50-ге жуық әскери-өндірістік бағыттағы кәсіпорын болған.

Өз кезегінде  Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов «Қазақстанның қару-жарағы мен әскери техникасын толық жаңартатын кез келді» деп отыр.

Министрлік жоспары бойынша еліміздің Қарулы күштері 2030 жылға дейін толық жаңаруы тиіс.  


Ведомство басшысы отандық қорғаныс өнеркәсібін қайта тірілту керек деген ұстанымда.

«Қорғаныс өнеркәсібін жолға қояр болсақ, әскери қауіпсіздігімізді шегелейтін боламыз. Бұл бағытта еліміздің ішкі-сыртқы саясатына бағдар болатын Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы қабылданған болатын. Осы құжатқа толықтыру ретінде Қарулы күштердің 2030 жылға дейін жаңа тұжырымдамасы бекітілді», – дейді Жақсылықов.

Оның атап өткеніндей, әлемдегі соңғы жағдайларды ескеріп, Қазақстанның қарулы күштерін техникалық тұрғыдан толықтай жаңарту уақыт талабы.

«2030 жылға дейін қорғаныс өнеркәсібін жолға қоюға міндеттіміз. Кешенді дамыту жоспары дайын. Әскеріміздің техникалық һәм жауынгерлік даярлығын жаңа деңгейге көтеретін кез келді. Ал қорғаныс өнеркәсібін дамытуға қатысты жоба-жоспарды Индустрия министрлігіне ұсынып қойдық. Мемлекет қорғаныс саласындағы тапсырысты өз елінде орналасқан кәсіпорындарға жүктер болса, бұл көптеген мәселені шешер еді», – дейді министр.

https://dalanews.kz/news/80412-qazaqstan-resey-askeri-ariptestigi

https://dalanews.kz/aimak/80533-elordada-mektep-salynatyn-70-ten-asa-zher

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар