Қордайға барған Дұнған қауымдастығының төрағасы таяқ жегенін айтты

Dalanews 08 ақп. 2020 05:59 809

Дұнған қауымдастығының төрағасы Хусей Дауров өзін біреулердің тепкілеп кеткенін және Жамбыл облысы Қордайдағы Масанчи ауылы түгелдей отқа оранғанын айтты деп хабарлайды Dalanews.kz Қазтаг-қа сілтеме жасап.

«Мен де таяқ жедім. Бүкіл ауыл отқа оранған. Үйдің бәрін өртеп жіберді. 10-ға тарта үйге от қойды. Күш құрылымдары атымен жоқ. Ауылға ағылып келіп жатқандар ұрып-соғып жатыр, зардап шеккендер бар. Олар үй, көліктің бәрін өртіп - дүниені төңкеруде", – дейді Дауров.

Ал Мәжіліс депутаты Шакир Хахазов Дұнған қауымдастығының төрағасы артық сөйлеп қойды дейді.



"Дауров? Ол тым көп сөйлейді. Масанчидегі ахуал Дауров айтқанға ұқсамайды. Әлі де анықтауды қажет етеді. Ол көп сөйлеп қойды. Асырып айтып жіберді. Жаңа ғана (Дауровпен) сөйлестім. Өзі көріп білмеген ақпаратты таратпауды талап еттім. Жағдайды бақылауда ұстаудамын", – дейді депутат.

"Дауров таяқ жегенін айтты ғой. Бұған не дейсіз?" деген тілші сауалына депутат "бұл мәселені анықтайтын боламыз" деп қысқа қайырды.

Бұдан бұрын Қордай аудан Масанчи ауылында жаппай төбелес орын алғаны хабарланды. Dalanews.kz редакциясы облыстық полиция департаментінен бұл оқиғаға қатысты түсінік алды. Полицияның хабарлауынша, ауыл тұрғындары арасында жаппай төбелес болған. Полиция көмегімен төбелес тоқтатылып, жағдай бақылауға алынды.

Жамбыл облысы полиция департаментінің тергеу басқармасы ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы, яғни "Бұзақылық" бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Төбелесті шығарушылар мен оған қатысушылар анықталып жатыр, делінген хабарламада.

Ал КТК арнасы тілшілері Жамбыл облысы, Қордай ауданында жергілікті тұрғындар тәртіп сақшыларымен жаға жыртысқанын хабарлады.

Бұл жағдай қазір әлеуметтік желіде қызу тақыланып жатыр. Видеода бір топ адам туысын полицейлерге бермеу үшін жанталасқанын байқауға болады. Тіпті құзырлы орын өкілдеріне қол жұмсауға дейін барған. Көпті шулатқан азамат қандай заң бұзушылық жасағаны белгісіз.

https://youtu.be/Y5slZBin79s

https://dalanews.kz/50053

https://youtu.be/UBqIwb-ZD1A

 

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар