Қордайдағы қазақ-дүңген текетіресі 86-шы жылдың жаңғырығы – қазақ қаламгері

Dalanews 15 жел. 2020 15:51 987

Редакциядан: Желтоқсан оқиғасы – қазақтың жазылмаған жан-жарасы. Осы тақырыпты талай жылдан бері қаузап келе жатқан қаламгер Қайым-Мұнар Табеевтың Dalanews.kz-ке ұсынған зерттеу мақаласы Желтоқсанға жаңа қырынан қарауға жол ашады деп ойлаймыз.

Шаң басқан архивтердегі «аса құпия» құжаттарға қол жеткізген қаламгердің бұл еңбегі бірнеше бөлімнен тұрады. Әліге дейін саяси бағасын ала қоймаған Желтоқсан көтерілісінің тарихына қатысты тың мәліметтер осы мақалада бір арнаға тоғысып, оқиғаның өрістеуі мен кемеліне келген шақты оқырманның ой елегінен өткізеді.

 Қайым-Мұнар Табеев, Журналист-жазушы, Қазақстанның Құрметті журналисі    

    

Тирания


Бұл күнде Желтоқсан тарихқа айналып барады. Тарихтың шынайы иесі халық болғанымен, оны жасайтын жеке тұлғалар. Бұл бұлжымас аксиома. Ұлт азаттығы үшін басын бәйгеге тігіп, өрлік мінез танытқан боздақтар Қайрат Рысқұлбеков, Сәбира Мұхамеджанова, Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанованың есімдері тарихтың алтын парағына өшпестей жазылып қалды. Бар-жоғы 16 мен 21 жас аралығында ғұмыр кешкен бұл өрендер сол кездегі көңілдері алып-ұшқан бүкіл жастардың ортақ символы!

Сол үшін де әсем Алматының ең көрнекті жерінен алаулаған жалын бейнесіндегі алып ескерткіш тұрғызуға лайықты тұлғалар. Мұны бір деңіз.

Екіншіден, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлы айтқандай:

“Тарихта әртүрлi iз қалдыруға болады: тарихқа абыроймен кiруге болады, керiсiнше, қара таңбамен қалуға да болады”.

Бүгінгі әңгімеміздің өзегі екінші топтағылар туралы болмақ. Желтоқсанда да сондай қарабеттер болған.


Мақсатымыз – оларды әспеттеу емес, шама келсе олардың зұлымдық қарекеттерін қайталамау, қателіктерінен сабақ алу.

Қарап тұрсаңыз, қасқыр тартқандай жұлым-жұлым тарихтың жаралы бетінде қара таңбамен қалғандардың қарасы аз емес екенін көресіз. Неге бұлай? Бұл туралы философ Фридрих Ницшенің «Ізгілік пен зұлымдықтың арғы жағында» атты кітабында дәл жауап берілген екен.

«Билікке құштарлық – дүниедегі бар нәрсенің бастауы және жауы! - дейді ол. – Биліктің ұшар басына шыққандар соншалықты бекзат болып көрінгісі келгенімен, шын мәнісінде қатыгез және рақымсыз тиранның кейпіне енеді. Олар астындағы тақ үшін өз бауырларын да құрбандыққа шалудан тартынбайды, зорлық-зомбылық жасап, қулық-сұмдықпен әрекет етуді өмірінің өзегіне айналдырады».

Қандай дәл айтылған сөз! Өмірдің ащы шындығы бұл! Қаншама қилы заманды бастан өткерсек те, қандай қоғамдық формацияларда тіршілік құрсақ та, өзгермейтін қағидат. Қарапайым адамдардың сенгіштігін, немқұрайдылығын, басқа да әлсіздіктерін шебер пайдалана отырып, шексіз билікке қол жеткізгендер қайтсе де тақта ұзақ отыруды қалайды.

Сол үшін қоғам мен халықтың санасын тұсап, оларды тек қана бодандықта ұстағысы келеді. Кезінде Кеңестер Одағын қып-қызыл қанға бөктірген Сталин, Голощекин, Ежов, Берия сияқты қанішерлердің басын біріктірген де осы – билікке құштарлық. Олар көп жағдайда билікқұмарлық әлсіздіктерін «Жапон, неміс шпиондарына өлім келсін!», «Дәрігерлер ісі» сияқты жасанды ұрандармен барынша бүркемелуге тырысты. Өздерінен ойы озық, халықты соңынан ерте алатын күштілердің рухын жаныштап, көздерін жойып отырды.

Осы ретте, билікте ұзақ жыл отырған Дінмұхамед Қонаевтың мына бір мойындауы еске түседі.

 «Жалғыз ғана көзімнің жеткені – көп уақыт билік басында болуға болмайды. Айналаңдағы адамдарды тану түйсігің жоғалады, тың ойларды түсінбейсің немесе қабылдамайсың, өзіңе өзің сын көзбен қарауды қоясың. Сосын міндетті түрде қателіктер жасайсың, әсіресе кадрлық саясатта». («Бірлесу» тәуелсіз газеті, 15 қыркүйек 1990 ж.).


Ал, кадрлық саясаттың теріс жүргізілуі орны толмас өкініштерге апарып соқтыратынын уақыт көрсетті.

Сталиндік саяси қуғын-сүргiнде бір Қазақстанның өзінде 110 мыңнан астам адам лагерьлерге тоғытылды. 25 мыңдай алаштың қаймағы «халық жауы» ретінде атылды. Оған «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын!» науқанында қынадай қырылған қандастарымызды қосыңыз.

Тарихшы-ғалым Талас Омарбековтің айтуынша: «1928 жылы Қазақстанда 4 миллион 800 мың қазақ болса, 1939 жылы 2 миллион 328 мың ғана қазақ қалған…”.

Абай атамыз айтқандай: «күшігінен таланған» ұрпақтың өкілі ретінде, біз де қызыл империя қиянатының шет жағасын көрдік.

86-ның желтоқсаныда тура сондай қасіретті күйді бастан өткердік. Горбачевтің «демократия», «жариялылық» деген сөздеріне шын сеніп қалған бейкүнә жастарымыз Алматының бас алаңына шығып, қан-жоса болғаны көз алдымызда.

Мәскеудің қолшоқпары Соломенцев деген сұмырай сол ұлтаралық оқиғаның шығуына Алматыдағы қазақтардың саны шамадан тыс көбейгені себеп болды деп соқты.

 “Когда я здесь работал секретарем ЦК, помню, тогда было казахского населения 8 процентов. А сейчас 16. В два раза увеличилось!..” деп дабылдатты. Оның ойынша қазақтар өз астанасына жоламай, айдалада қой бағып қана жүруі керек екен.


Әне, сондай асыра сілтеушілік пен басынушылықты көзбен көріп, құлақпен естігенбіз.

Берияның ізбасарлары: Камалиденов пен Меңдібаев тандемі 




Желтоқсан көтерілісі империялық қаталдық пен қатыгездікті қару еткен мәскеуліктердің шовинистік пиғылдан ешуақытта бас тартпайтынын аңғартты. Бізден кейін бас көтерген Саха Республикасы (1987 ж.), Балтық елдері, Грузия мен Әзірбайжан (1989 ж.) көтерілісшілері де қатаң жазаланды. Жүздеген бейкүнә қыз-жігіттер танктың шынжыр табанына тапталды. Оққа ұшты.

Тоқырап қалған қоғамның тоңын жібітіп, қоғамға жаңа леп әкелген, тың серпін берген бұл әлеуметтік-саяси сілкіністер бір-бірінен бөліп қарауға келмейтін біртұтас азаттық күресінің тізбегі еді.

Бірақ, Одақ ыдырағанымен, бүгінде өз ықпалынан айрылғысы келмеген Мәскеудің озбырлығы әлі де өшпеген, мығым. Украина, Молдова, Белоруссия, Қарабақтағы қанды оқиғалар сол Желтоқсан жаңғырығының жалғасы. Барлық жерден қаһарлы да айлалы Ресейдің қанды тырнағының ізі көрінеді.

Билік басындағы кешегі Горбачев пен қазіргі Путин сынды тирандар өз мүддесі үшін туған халқын да, өзгені де аямайтынын тарих осылайша дәлелдеп берді. Шексіз билікке ие болған үлкен тирандардың қылығы өте жұқпалы келеді. Мәскеу билеген тұста Қазақстанда да жергілікті тирандар бой көрсетіп шыға бастады.

Жасырын емес, ашықтан ашық. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы, кейіннен Қазақстан Компартиясы ОК идеология жөніндегі хатшысы болған Зақаш Камалиденов пен Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, кейіннен Қазақстан КП ОК екінші хатшысы болған Марат Меңдібаев осы алдыңғы қатардан табылды.


Кремльдің алдында көзге түсуге тырысып, қазақ зиялыларын қудалаудың небір қанқұйлы әдістерін ойлап тапқан екеуінің қылығы Бериядан асып түспесе, кем болған жоқ.

Олармен бетпе-бет жолығысқан сәтте, талай өр кеуделі ғалымдардың, тарихшылар мен ақын-жазушылардың аюмен кездескен жылқыдай дірілдеп қалатынын көзімізбен көрдік.

Ал, осы қазақтар бірін-бірі қыр асыра қуып, дүрлігіп жатқан кезде «Колбин қайда қарап отырды?» деген заңды сұрақтың құлағы қылтиюы мүмкін ғой. Әрине. Қазақстанға уақытша келген Колбин мұнда ұзақ тұрақтамайтынын жақсы білді. Сондықтан да, оған бәрібір еді. Елдегі болып жатқан төтенше жағдайларға көп басын ауырта қойған жоқ. Алдына әкелген қағаздарға қол қойып, көмекшілері жазып бергенді оқып берумен шектелетін.  Көбінесе шарабын ішіп бусанып, құсын атып, турист секілді шалқып жүретін.

Бір жолы ол жандайшаптарымен бірге кезекті сауық-сайранға шығады.

Колбин аспанға қарата мылтық атқан кезде, әр жердегі бұтаның түбіне жасырынған үш-төрт әскери мерген қоса атады.

Бір оқпен үш-төрт үйректің жерге топырлап түскенін көріп, мәз болған Колбин сол күні мол олжаға кенеліпті. Тост көтеріп тұрып айтқан: «Қазақстан халқын құстың етімен қамтамасыз етуге болады екен ғой!» деген данышпандық сөзі ертесіне республикалық газеттерге жарияланып та кетті. Міне, әлемде жер көлемі жағынан 9-шы орынды иеленетін алып мемлекетті басқаруға жіберілген басшының бар болмыс-бітімі осындай дәрежеде ғана болатын.

«Біреу тойға айналғанда, қасқыр қойға айналды» дегендей, Қазақстанға кездейсоқ адасып келген Колбиннің қызметтегі шалалығын өз мүддесіне орайластыра білген Камалиденов пен Меңдібаевтың құдайы берді десе де болады. Қазақстанды «Кіші 37-нің» елесі кезіп жүрді.


Желтоқсан зобалаңында Камалиденовтің белсенділігімен облыстық комитеттердiң 64 хатшысы, қалалық және аудандық партия комитеттерiнiң 630 хатшысы, бастауыш партия ұйымдарының 1836 мүшесi алмастырылды. Iшкi iстер министрлiгiнің басшы органдағы 1200 жетекші кадрлары «саяси-тәрбие жұмыстарын ақсатқаны» үшін қызметтерінен қуылды.

Олардың барлығы да қазақтар еді. Одан басқа Ұлттық ғылым академиясының, ғылыми-зерттеу, жобалау институттарының, жоғары оқу орындарының, шығармашылық одақтардың басшылары бар.

Мысалы, алдыңғы қатардағы ірі ЖОО-ның 12 ректоры орнына алынып, істі болды.

Ал, қазаққа деген қатыгездігі жағынан Камалиденовтен кем түспейтін Меңдібаев басқарған алғашқы бір жарым жыл ішінде Алматы облысындағы басшылық буынның 750 қызметкері негізсіз қуғынға ұшырады.



 

Партиялық тұрғыдан жазаланды, ішінара сотталды, абақтыға қамалды. Оның ішінде 35 аудандық, қалалық партия комитетінің хатшылары, 25 ауатком төрағалары болды.

Елімізді жайпап өткен репрессияның жойқын күшінің қаншалықты ауыр болғанын осыдан-ақ шамалаңыз. Әрине, бұл арада Мәскеудің жазалау науқанын қатаң жүргізу туралы нұсқауы болғаны шындық. Оны жергілікті тирандардың асыра орындағаны да шындық.

Колбин болса, өз қарамағындағы жоғары лауазымды қос орынбасарының бүкіл елдегі кадрлық саясатты өрескел бұрмалағанына, басқа да былық-шылықтарына көз жұма қараумен жүрді.


Өйткені, одақтағы аса ірі партия ұйымындағы аппараттық қулық-сұмдықтарды түсінуге колхоз басшысы деңгейіндегі өресі жетпеді. Әрі жоғарыда айтылған хатшыларды, ректорлар мен шаруашылық басшыларының бірде-бірін жыға танымайтындықтан, солай болуға тиісті нәрседей қабылдады.

Қонаев? Оның тұсында 700-ден аса қазақ мектебі жабылды




Қонаевтың билігі аяқталар тұста Кеңестер Одағы іштен іріп-шіри бастаған еді. Горбачевтың «жариялығынан»  кейін басталған даңғазаның шуы күшейгенімен, сыбайластық пен парақорлыққа батып, әбден былыққан жүйе оңала қоймады.

Билік тармақтарының барлығын жайлап алған жемқорлық елдің тұрмысы мен әлеуметтік жағдайын әлсіретіп жіберді.

СССР ішкі істер министрі В.Бакатиннің құпия баяндамасында мынандай бір жолдар бар. «1986-89 жылдары Одақ бойынша 1,2 млн лауазымды қызметкер өзінің қызметтік бабын асыра пайдаланғаны үшін жауапқа тартылды. Жасалған 1 млн қылмыстың 28 мыңы шенеуніктердің парақорлығы, 170 мыңы мемлекет мүлкін алып-сатарлыққа ұшыратқандар.  Қазақ ССР-інде 5 мыңнан аса қылмыстық істер жоғалды. 92 кооператив басшысының бұрын сотталғаны анықталды».

Иә, 80-ші жылдардың соңына қарай Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық жағдай да тым шиеленісіп кеткен еді. Халық күйзеліске ұшыраудың сәл-ақ алдында тұрды. Мол алтын мен күмістің, ағыл-тегіл мұнай мен астықтың үстінде отырса да, қазақ халқының басым бөлігі ен байлықтың қызығын көруден шет қалды. Өндірілген өнімнің ең жақсысы, ет пен майдың шұрайлысы, вагон-вагон астық пен ұн тегіс орталыққа жөнелтілетін.

Әлі есімде, 1985 жылы қаңтар айында Бүкілодақтық жас журналистер семинарына қатыстым. Сонда Мәскеудегі үлкен бір гастрономда өзіміздің Семей ет комбинатынан шыққан сүбелі ет пен майлы шұжықтарды көріп, қатты таңырқағам.

Бір жирен шашты тәтеміздің төңкерілген сан етті шанышқымен шұқылап: «Сегодняшний или вчерачний?» деп тыжырынғанын көріп, одан сайын есім шықты. Бұл кезде астанамыз Алматыда сұрп еті сылынған сүйек-саяққа ұзын-сонар кезек болатын. Оның өзінде де, бір қолға екі килодан артық берілмейтін.

Жә, тамақты қойшы. Ашыққан қарын тойынар, ескірген киім жаңарар.  Ең ауыр тигені – рухани мешеулік еді.

Қазақ мектептері жаппай жабылып, қазақ тілінің тағдыры қыл үстінде тұрды. Алматы сынды қалада №12 орта мектеп пен екі мектеп-интернатты қосқанда, бар-жоғы үш-ақ білім ошағы қазақ тілінде оқытатын. Осы арада бәріміз бүгежектеп айта алмайтын бір ащы ақиқат бар.


Қазақ тарихында ел басқарған көрнекті мемлекет қайраткерінің бірі Қонаев екені белгілі. Сол кездегі империялық саясатқа байланысты ұстанған тактикасы бөлектеу, қайшылығы мол тұлға. Қазақстан экономикасын дамытуға, шаруашылығын өркендетуге сіңірген еңбегі өлшеусіз.

Алайда қанша жерден мадақтап, әспеттесек те, Қонаевтың руханият саласында тек «орыстандыру» бағытын ұстанғанын жасыра алмаймыз. Оның кезінде 700-ден аса қазақ мектебі жабылып қалғаны шындық. «Жаптырмаймын!» десе, билік қолында тұр еді. Жоқ, билігін пайдаланбады. Ал, сол кезеңдерде біз сияқты күн кешкен өзбек, түркімен, тәжік мектептерінің бірде-бірі жабылған емес.

Оның арғы себебін бір әңгімесінде Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,  ақын Есенғали Раушанов та іздестіргенін көзім шалып қалды. «Қонаев дүниеден өткенде Садықбек Адамбековтің жазған бір шумақ өлеңі ол кісінің кім екенін белгілі бір ортаға дәлелдеп кетті.

Политбюро ішінде

Тұрушы еді сорайып.

Ардақты татар халқының,

Аяулысы кетті Қонаев...

Қазақтың тілі, әдебиеті үшін шөп басын сындырмай кетті деген пікір бар.

Қонаевтың тұсында Қазақстандағы қазақ мектебінен Өзбекстандағы қазақ мектептерінің саны көп болды» дейді ақын. Ып-рас. Қонаевтың қазақ тіліне жанашырлықпен қарамауының түпкі кілтипаны осында жатса керек. Менің бұл жазбамнан кейбіреулердің «жау іздеп» лап қоймауы үшін өзге ағайындарды да тыңдап көрейік.

Белгілі ұйғыр жазушысы Әбдікерім Ғаниевтің «Исмаил Юсупов: «С чистотой помыслов» атты деректі повесі бар екен. Сонда 1962-64 жылдары Қазақстан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы болып қызмет істеген Юсуповтың естелігін келтіреді. «Республикаға басшылық етуге мен келгенде «менің қаракөз достарым» Қазақстанның басына ұйғыр келді деді. Ал, Қонаев туралы ондай әңгіме айтылған жоқ. Оның ұлты татар еді ғой. Біз Д.А.Қонаев екеуміз бала кезден бірге өстік, сосын Сопы Зарват атындағы ұйғыр орта мектебінде бірге оқыдық».

Партияның тағы бір ардагері, Қарағанды облыстық архивін басқарған Сатыпалды Тотанов «Өткен өмір өткелдері» деген кітабында Қонаевтың өз қолымен толтырылған анкетасын көргенін, онда ұлты «татар» деп көрсетілгенін, ал Қазақстан басшысын ұлттық кадрлар сапынан бекітеміз деген мәселе көтерілгенде Қонаев өз паспортын бір-ақ түнде жойып, ұлты «қазақ» деп жаңасын алғанын айтады.

Ардагер журналист Мадат Аққозин былай деп жазыпты:

«Дінмұхамед Қонаевтың қабылдауында екі қазақ, бір орыс отыр. Олар аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына бекітілейін деп жатқандар еді. Ана тілінде амандасқан екі қазақты Қонаев сол жерде тоқтатып, «жалпыға түсінікті» орыс тіліне көшулерін сұрайды. Сол үшеудің бірі – менің ескі танысым Рахымбай Тазабеков болатын. Ол ауылда туған адам. Оған республика басшысының өзі секілді екінші қазақтан орысша сөйлеуін талап етуі оғаш болып көрінген» (Аzattyq.org. 30.11.2009 ж.)

Қазақ тілінің қадірін түсіретін де, көтеретін де биліктегі бірінші басшылар екенінде дау жоқ. Қалай болса да, шыққан тегінде шаруамыз шамалы, қазақ мектептерінің жаппай жабылуы – тікелей Қонаевтың мойнындағы іс.


Өз ана тілінде сөйлеген жастарға жирен шашты апамыздың «Говори по-русский!» деп зекіп, дікеңдегеніне де кінәлі Қонаев.

Біз осы күндері «жүзден аса ұлт тұратын...» деген жалған ұранды жиі жалаулатып айтамыз. Соның авторы кім екен деп жүрсем, ол да Қонаев болып шықты. 1977 жылы шыққан «Советтік Қазақстан» атты орыс тіліндегі кітабында бақытты ел қандай деп сауал қойып, соған жауап беріпті.  “Это 19 областей, более 80 городов, 193 поселка городского типа, 218 сельских районов, где дружной се­мьей живут и трудятся представители более 100 национальнос­тей и народностей”.

Ең өкініштісі, бұл қисынсыз өтірік осы күнге дейін жалғасып келеді.

«Казахстан – многонациональная страна, который стал Родиной для представителей более ста народов» деп еркінсіген дүңген этнос ұйымның басшысы әлі жалаулатып жүр. Оған ешкім емес, өзіміз кінәліміз. Алматы қаласындағы «көп ұлттың» арасына 1 сомали, 1 гагауз, 1 норд, 1 пуштун, 2 модракан дегендерді ресми тізімге қосып қойыпты. Оның не керегі бар? Кім қыстап жатыр? Шынымды айтсам, аспирантура бітірген менің өзім «модракан» деген пақырдың кім екенін, қайда тұратынын көз алдыма елестете алмаймын.

Сөйтіп, Қонаевтың кезінен жалғасып келе жатқан кері саясаттың кесірінен ортамызда бір орыс (модракан, гагауз, пуштун...) отырса, ана тілімізде сөйлеуге қысылатын болдық. «Басқаларға түсінікті болу үшін...» деп бүлкілдей жөнелеміз. Әлі де солай! Егер, мемлекеттік іс-шараларда, жиналыстарда Президент пен Елбасы тек қана қазақша сөйлей бастаса, өзгелер де солай сөйлеуге мәжүбір болар еді.

Мысалы, белгілі жазушы Әзілхан Нұршайықов ОК бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовтың бюро мәжілістерін кейде таза қазақ тілінде жүргізетінін өз естелігінде атап өтеді. Бірде, орысы көп пленумда «ОК хатшысы» болып бекітіліп жатқан Анатолий Шаловтан өмірбаянын қазақша айтып беруін сұраған. Оған Шалов ренжімеген, тілі жеткенше айтып берген. Кейінірек сол батылдығы үшін мемлекет қайраткері Жұмабай Шаяхметовты ерекше жылылықпен еске алатын дейді. Міне, тарихта жақсы аты қалу деген осы!

Қордайдағы қазақ-дүңген текетіресі 86-шы жылдың жаңғырығы




 

 Жалпы, коммунистік тоталитарлық жүйе қалыптастырған қатаң тәртіптің салқыны қазақ жастарына ауыр соққы болып тиді. Әсіресе ауыл балаларының мамандық таңдау еркі шектелді. Ары кетсе мұғалімдік, дәрігерлік, есепші, зоовет, ауылшаруашылық институттарына ғана жол ашық болатын.

Ал, авиациялық, академиялық, техникалық, құқықтық жоғары оқу орындарына орын квотамен берілетін. Мысалы, 1985 жылы Қарағандыдағы жоғарғы милиция мектебіндегі абитуриенттер үлесінің 61%-ын қазақтар құраса, 1986 жылы бұл көрсеткіш 27,5%-ға дейін кемітілген. Әдейі, қасақана.


Қазақ жастарын ішкі істер органына қызметке қабылдау күрт азайтылды. Тіпті, Шымкент облыстық ішкі істер басқармасы алдында «Қазақтарды ішкі істер органына қабылдамаймыз!» деген сорақы жарнама ілуге дейін барған. Үлкен қалаларға қазақтардың енгізілуін шектеу, тұрғын үй кезегіне тіркемеу, жұмысқа орналасуда «аға ұлт» саналатындарға басымдық беру көпе-көрнеу көзге ұрып тұратын.

Оған қоса мектеп бітіруші түлектерді ауылдан шығармай, қайтсе де қой бағуға үгіттейтін жұмыстар жыл бойы қызу жүргізілетін.

Жоғарғы билік органдары осы әрекеттерінің бәрін сылап-сипап тігісін жатқызып, әдемі етіп көрсетуге тырысатын.

Өмір ағымы осылай бірқалыпты өтіп жатты. Бір сөзбен айтқанда, тоқырауға түстік. Егер Горбачев «жариялылық», «қайта құру» атты жаңа бағыттың басталғанын жарияламағанда, кім білсін, осылай жалғаса беретін бе еді? Газет, радио, теледидар дабылдата жүргізген бұл насихаттың дүмпуі қазақ жастарының ой-санасын оятуға түрткі болды.

Олар өзінің туған елінде, туған жерінде жүріп «екінші сортты» ұлтқа ұшыраудың себебін іздестіре бастады. Ойланды. Сілкінді. Ақыр соңында ұзақ жылдар бойы жүргізіліп келген «халықтар достығының» жасандылығын түсінді. Желтоқсан ұшқыны туа бастады!

Жаңа серпіліске қанаттанған қазақтардың рухани еркіндікке ұмтылуы, өз құқықтарын қорғаудағы талап-тілегінің күшеюі өзге этнос өкілдеріне ұнай қоймады. Өңірдерде қырғиқабақтық ахуал туындады.

Шымкент облысының Мичурин совхозында қазақтар мен әзірбайжандар, Целиноград облысының Атбасар қаласында қазақтар мен шешендер, Алматыда КГБ шекара училищесінің орыс курсанттары мен Зоотехникалық-малдәрігерлік институының қазақ студенттері өзара қақтығысып қалды.

Мұндай оқиғалар басқа өңірлерде де бой көрсете бастады. Жараланғандар да аз болған жоқ. Орталық партия комитетінің хатшысы Камалиденовтың тікелей нұсқауымен бұның барлығы жылы жабылып отырды. Ұлтаралық реңк алған оқиғалардың шығу себептерін анықтап, оны түбегейлі жоюдың орнына билік органдары «тұрмыстық кикілжің» атап, әдеттегісінше көзбояушылықпен айналысты.

Бір ғажабы, біз өткеннен сабақ алмайтын халық екенбіз. Сол көзбояушылықтың салдары осы күнге дейін жалғасып келеді.

 Кешегі Маятастағы қазақ-күрд, Шелектегі қазақ-ұйғыр, Маловодное ауылындағы қазақ-шешен, Қордайдағы қазақ-дүңген арасындағы текетірестер – 86-шы жылдың жаңғырығы екенін түсінгіміз келмейді. Істі болған қордайлықтарға «маскүнем», «нашақор», «хулиганские выходки молодежи» деген таңбаның таңылуы біздің әлі алысқа ұзамағанымызды көрсетеді.


Егер де, еліміздегі ұлтаралық келісім мен ынытымақты одан ары сақтағымыз келсе, ең бірінші қазақтың мүддесіне нұқсан келтірмеуді естен шығармағанымыз жөн деп білеміз. Өйткені, басқа этнос өкілдерінің арқа сүйер елдері бар. Ал қазақтың Отаны біреу-ақ, ол – Тәуелсіз Қазақстан!

Алдыға озып кетсем, кешірім өтінемін. Бәрі де керек ойлар ғой. Сонымен, Желтоқсан қарсаңындағы жағдайға қайтып оралайық.

Елдегі ұлтаралық шиеленістің өршуі, қоғамның тоқырауы, қалыптасқан саяси элитаның күйреуі Қонаевтың беделін түсіріп қана қоймай, биліктегі ықпалын да әлсіретті.

Бұған дейін сенімді серіктері –  Шымкент обкомын басқарған Асанбай Асқаров, Алматы обкомын басқарған Кеңес Аухадиев, Алматы қалалық комитетін басқарған Ақан Қойшыманов, Жоғарғы кеңес төрағасы Бәйкен Әшімов, Автомобиль көлік министрі Анатолий Караваев, Ғылым академиясын басқарған інісі Асқар Қонаевты Кремль зорлықпен қызметтерінен шеттеткен болатын. Кейбірі айқай-шумен ұсталып та кетті. Ал, министрліктер мен облыстарды басқаруға мәскеулік кадрлар Қонаевтың келісімінсіз топырлап келе бастады.

Одақ құрамында болса да, Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші ірі мемлекет саналатын Қазақстанды көпе-көрнеу басынушылық қарсылық туғызуы мүмкін еді.

Мұны айқын түсінген Горбачев бас көтерердей оқыс оқиға туа қалса, қарсы шара қолдануды ұмытқан жоқ.

Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне құпия түрде «Құйын» операциясын дайындауға тапсырма берді. Дайындатты да. Өйткені ол, шынын айту керек, өзі бастаған «жариялылық» пен «қайта құрудың» кеңестік жүйені ыдыратуына жан-тәнімен қарсы болды. Балтық елдері мен Қазақстанның тізгіні уысынан шығып кету қаупі мол екенін сезді. Сол себептен одақтас республикаларға қысым жасауды күшейтіп, өз кадрларын жіберуді жалғастыра берді.

Бұл қорлыққа көнгісі келмеген Қонаев орнынан босатуға бірнеше рет өтініш береді. Горбачев болса, біріншілікке үміткердің кім болатыны әлі анықталмағандықтан, Қонаевты орнынан қозғауды әлі ертерек деп санайды. Бірақ, оның дәурені бітуге таяп қалғанын аңғартып, әрбір оңтайлы сәтте тұқыртып қалып отыруды естен шығарған емес.

Бас хатшы болып сайланғаннан кейін 1985 жылы жазда алғашқы сапарын Горбачев ел астанасы Алматыдан бастамай, бірден Целиноградқа ұшып келіп, актив өткізеді. Қонаев та амалсыз сонда баруға мәжбүр болады. Ал, қаланы аралаған түрлі кездесулерде Бас хатшының жанында жүрген республика басшысын елемегендей қыр көрсетіп,  әңгімелеспей тарпаң мінез танытқанын бүкіл ел байқады.

Жалғасы: 


https://dalanews.kz/58560

 

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар