Қонаевта халық саны азайып жатыр: әкімдік түсініктеме берді

Қаракөз Амантай 22 мам. 2025 11:59

Қонаев қаласында тұрғындар саны іс жүзінде емес, тек формалды түрде азайған. Бұл өзгеріс әкімшілік-аумақтық бөлініспен байланысты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұған дейін Data Hub ресурсы 2024 жылдың сәуірі мен 2025 жылдың сәуірі аралығында халық саны 8,2%-ға төмендеп, 65,9 мың адамға дейін қысқарғанын хабарлап, Қонаевты елдегі халық саны ең көп азайған қала деп атаған еді.

Алайда әкімдік бұл мәліметті Курсив басылымына нақтылай отырып, халық санының кемуі Қонаевқа қарайтын Заречный мен Арна ауылдарының жаңадан құрылған Алатау қаласының құрамына өтуімен байланысты екенін айтты.

“Егер 2023 жылы қалада 70 512 адам тұрса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 65 024 адамды құрады. Алайда қазір халық саны қайта өсіп келеді – қазіргі кезде қалада 65 934 адам тұрады”, – делінген әкімдіктің Курсив басылымына берген ресми хабарламасында.

Сонымен қатар әкімдік Қонаевты өмір сүруге қолайсыз қала деп санау – қате түсінік екенін атап өтті. Облыс орталығының әкімдігі елде жалған ақпарат тарату мен әлеуметтік ахуалды шиеленістіруге итермелеу әрекеттері заң жүзінде жауапкершілікке әкелетінін ескертті.

Айта кетейік, 2024 жылдың қаңтар айында Алматы облысындағы Жетіген ауылы Алатау қаласы болып өзгертілген еді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығына сәйкес, Алатауға облыстық маңызы бар қала мәртебесі берілді.

Ал Қонаев қаласы бұған дейін Қапшағай деп аталып келген. Қаланы қайта атау 2022 жылдың мамыр айында жүзеге асқан болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар