Қонаевта қатты жел соғып, үйлердің шатырларын ұшырып әкетті

Қаракөз Амантай 09 ақп. 2026 12:09

8 ақпаннан 9 ақпанға қараған түні Қонаев қаласында желдің жылдамдығы секундына 27 метрге дейін жетті. Осыған байланысты қалада жедел штаб құрылып, коммуналдық қызметтер күшейтілген режимге көшірілді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қатты жел салдарынан инженерлік желілерде апаттық жағдайлар тіркеліп, тұрғын үйлердің шатырлары мен жеңіл конструкциялар зақымданған. Түнгі уақытта құлаған ағаштар мен қираған нысандарды тазалау жұмыстары жүргізіліп, бұл шаралар әлі де жалғасып жатыр.

Қаланың бірқатар шағынауданданында электр энергиясы өшіп, қазір қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Қауіпсіздік мақсатында 1–11 сынып оқушылары толықтай қашықтан оқыту форматына көшірілді.

Қала әкімі Асхат Бердіханов тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мамандарымен жиналыс өткізіп, боран салдарын жою бойынша нақты тапсырмалар берді. Зардап шеккен тұрғындарға қолданыстағы заңнама аясында көмек көрсетілетіні хабарланды.

Қала әкімдігі тұрғындарды сабыр сақтап, қауіпсіздік шараларын қатаң ұстануға шақырды. Барлық төтенше жағдайлар туралы 109 бірыңғай байланыс орталығына хабарлау қажет.

"Қазгидромет" мәліметінше, боран түске дейін жалғасуы мүмкін.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove