Қонаев қаласының соты «Алматы-Өскемен» тас жолында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған кортеж жүргізушілері бойынша шешім шығарды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Естеріңізге сала кетейік, әлеуметтік желілерді мониторинг жүргізу барысында полицейлер кортеждің бірнеше көлігі басқа қатысушыларының жолын жауып, кедергі келтіріп, жүргізушілердің наразылығын тудырған бейнежазба анықталды. Кейінірек белгілі болғандай, кортеж Қонаев қаласының перзетханасынан Арна ауылына жол тартқан.
– Қатысушылардың бірі бес тәулік, қалған үшеуі – бір тәулік әкімшілік қамауға алынды. Төртеуі де бір жылға жүргізуші куәлігінен айырылды. Тағы екі қатысушыға айыппұл салынды, – деп хабарлады полиция өкілдері.
Өңір полициясы жүргізушілерді жол ережелерін сақтауға шақырады және жолдарда қауіп төндіретін кез-келген әрекеттің қатаң жазаланып, құқық бұзушыларға міндетті түрде тиісті шара қолданылатынын еске салады.