Қазақстан 1991 жылы мемлекеттік тәуелсіздігін алмас еді, егер 1936 жылы КСРО құрамынан шығу құқығы бар Одақтас республика мәртебесіне көтерілмесе. Қазақстан Одақтас республика мәртебесіне қол жеткізе алмас еді, егер 1920 жылы автономиялық республика болып құрылмағанда. Қазақстан автономиялық республика бола алмас еді, егер Ә. Бөкейханов бастаған алашордашылар ерен ерлік көрсетіп, жанкешті әрекеттерге бармаса.
Публицист-зерттеуші Қ. Жүкешевтің мақалалар циклі Ә. Бөкейхановтың мемлекет туралы идеялары мен ойларын бағдарға ала отырып, қазіргі Қазақстанның саяси билігі және басқарылуы аясында болып жатқан құбылыстарды дүниежүзіндегі кейбір елдердегі құбылыстармен салыстыра сипаттайды. Ә. Бөкейхан атындағы сыйлыққа ұсынылған бұл мақалалар циклі оқырман қауымды бей-жай қалдырмас деген ойдамыз.
1-мақаланы мына жерден оқи аласыздар.
[caption id="attachment_20235" align="alignright" width="260"] Қанағат Жүкешев[/caption]
Қанағат Жүкешев, философ, публицист-зерттеуші
Қоғамды алға бастыруға зауықтылар мен зауықсыздар
Би әділ болмай, жұрт оңбақ емес.
Ілгері басқан жұртқа қарасаң – биі әділ.
Әлихан Бөкейханов
(2-мақала)
Сыбайлас жемқорлықтың кең етек алуы – мешеу қоғамдарға, ал оның аздығы – дамыған қоғамдарға тән екендігі априорлы құбылыс. Аталған критерий бойынша дүниежүзі елдерін сыбайлас жемқорлыққа жол бермеген және сыбайлас жемқорлық мейілінше иектеген елдердің екі макротобын бөлiп қарастыру керек. «Трансперенси Интернешнлдің» (ТИ) 2015 жылға арналған сыбайлас жемқорлықты анықтау индексі [1.] бойынша 167 елге 100 балдық жүйемен баға берілген. Олардың ішінде сыбайлас жемқорлық салыстырмалы аз көрініс беретін, 70-тен көп балл жинаған елдердің (1-макротоп) саны – 26. Бұл елдердің тiзiмiне қарап отырып, олардың дені Батыстың дамыған елдерi екендігін көруге болады. Олар мыналар:
- тарихи мезеттiк жеңiлiстерге ұшырап қалған кездерiн есептемегенде, ұзаққа созылған отарлық тәуелдiлiкте болмаған, дәстүрлі басқару тетіктері сақталған еуропалық монархиялар (Дания, Швеция, Ұлыбритания; Бельгия, Норвегия, Нидерланды, Люксембург) және олардың доминиондары (Австралия, Канада, Жаңа Зеландия);
- демократиялық басқару институттары тарихи қалыптасқан елдер (Франция, Германия, Австрия, Швейцария, Финляндия, Исландия, Ирландия, АҚШ);
- басқаруда либерал демократияның батыстық үлгісін кешенді қабылдаған кейбір Шығыс елдері (Жапония, Сингапур, Оңтүстік Корея);
- соңғы онжылдықтарда демократияландыру шараларын пәрменді жүргізіп келе жатқан елдер (Чили, Уругвай, Эстония, Катар).
Бұрын социалистік лагерьде немесе КСРО-ның құрамында болса да, Ресейден алыстап, Еуроодаққа қосылып кеткен елдерде жемқорлықпен күресте айтарлықтай жетістікке жетіп отырғандары бар. Олар: Польша, Литва, Словения, Чехия, Латвия, Грузия, Венгрия, Словакия.
ТИ-дің мәліметтері бойынша 35-тен төмен ұпай жинаған, демек сыбайлас жемқорлық мейілінше меңдеген елдердің (2-макротоп) саны – 79. Бұларды тарихи-саяси құрылуына қарай, тиісінше үш микротопқа бөліп қарағанда, суреттің былай екенін көреміз. Сыбайлас жемқорлық меңдеген елдердің бірінші микротобына социалистік революцияларды басынан кешкен, кейін коммунизм жолына түсеміз деп ондаған жыл бойы адасып жүрген елдер жатады. Аталған 79 елдiң iшiнде сыбайлас жемқорлықтың өршу ретi бойынша бұрынғы социализм елдерi Ресей, оның мызғымас серіктесі Солтүстік Корея, оқшау қалған Вьетнам және бұрынғы кеңестік республикалар – Молдова, Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан, Украина, Армения, Беларусь, Тәжiкстан, Түрiкменстан, Әзiрбайжан аталады. Ал Қытай мен Албания тiзiм бойынша сыбайлас жемқорлық көп жайлаған елдерге жақын орналасқан.
Сыбайлас жемқорлық меңдеген елдердiң екiншi микротобына Азия мен Африканың соңғы ғасырларда артта қалған, сондықтан отарлық кіріптарлыққа тап болған елдері енедi. Бұлардың арасында социалистiк жолда болмаған еуропалық мемлекет жоқ.
Сыбайлас жемқорлық меңдеген елдердiң үшінші микротобына өркениетке дейінгі, алғашқы қауымдық құрылыс дәуiрiнде өмір сүріп жатқанда отарлық тәуелділікке түскен елдер жатады.
* * *
Бұл сараптаулардан әлеуметтік-психологиялық мәні бар қорытынды шығады. Сыбайлас жемқорлыққа жол бермеген немесе ол мейiлiнше аз көрiнiс беретiн елдерді басқарып отырғандардың тектік жағдайлары төмендегідей:
бірінші макротопқа енген елдердiң бірінші микротобын ғасырлар бойы өмiр сүрiп келе жатқан, дәстүрлi монархиялар құрайды. Демек, оларды басқарып отырғандар – әулетті монархтардың ұрпақтары. Сыбайлас жемқорлыққа жол бермегендердiң келесі топтарын дәстүрлi демократиялы және либерал-демократизмнің батыстық үлгісін қабылдап алған елдер құрайды. Сайлаулардың әділ өтуінің арқасында аталған топтарға енетін елдерде басқаруға өз елінде де, тыста да мейілінше беделді ақсүйектер мен әулетті зиялы (кондовая интеллигенция) өкілдерінің келу мүмкіндігі жасалған.
Әрине, Ф. Фукуяма атап өткендей, «сыбайлас жемқорлықпен арбалу кез келген өнеркәсіп саясатының алдынан ұшырасып отыратын және оны қолданудың кез келген қанағаттанарлық әсерін жоққа шығаратын қауіпті мәселе болып табылады» [2: 34]. Алайда, «қоғамның тарихи діңгегі бола алатын адал және компетентті шенеуніктері бар елдер ғана мұндай арбауға түсе қоймайды» [сонда].
Сыбайлас жемқорлық жайлаған елдердiң (2-макротоптағы) бәріне ортақ және бірегей ерекшелігі – билеушiлерiнiң төменгі таптардан шыққандығында.
Бұрынғы социалистiк елдерде (1-микротоп) кезінде ақсүйек таптары болған, бiрақ революция жылдарында ақсүйектер және басқа үстем таптардан шыққан зиялы адамдар тап ретінде құртылды, дәстүрлі билік органдары бұзылды. Социалистік құрылысқа көшу жылдары үстем таптарды тұқымымен құртқаннан кейін, бұл елдерде партиялық және басқару органдарының барлық буындарына сауаты мен салауаттылығы аз болса да, жарлылардан – пролетариат пен шаруадан шыққандар келдi. Сонымен, бұрынғы коммунистiк және қазiр де сол бағыттан таймаймыз деп жүрген елдердiң билеушiлерiнiң арасында ақсүйектердің, батырлардың, билердің ұрпақтары жоқ, болса некен саяқ және ақсүйектік менталитетiнен айырылып қалғандар.
Азия мен Африка елдерінің (2-микротоп) жүздеген жылдар отарлық езгіде болу жағдайы әулеттік ақсүйектер тұқымының әлсіреуіне, кей елдерде оның құрып кетуіне әкеп соқтырды. Өйткені, халықтың отарлықтан босауын көксейтін де, сол мақсатқа жету үшін күресті ұйымдастыратын да солар болғандықтан, метрополиялар алдымен отар елдердің ақсүйектері мен зиялысын жоюмен айналысқан болатын.
Отардағы халықтың арасынан шыққан қайраткерлердің әлдiлерiн құртып, әлсiзiнiң қолымен бағындыру әдiсi ежелден белгiлi. «Жаулап алған аумақты ұстап тұрудың пәрмендi шараларының бiрi ретiнде күштiлердi әлсiрету және әлсiздердi өз жағына тарту» [3: 54-56] әдiсi туралы кезiнде Н.Макиавелли де жазып қалдырған болатын. Мешеу қоғамдардағы мешеуліктiң олардың өз арасынан шыққан кадрдың қолымен жасалу тетiктерiнiң бiрi осылай жүзеге асырылған болатын.
Осы тактиканы ұстанған коммунистік биліктің әрекетінен тегеурінді қазақ зиялы қауымы жойылып кетті. Өткен ғасырдағы саяси қуғындаудың салдарынан қазақ халқы ұлтының бетке шығар қаймағынан айырылып қалды. Бұл ұлттың рухына қаяу түсірді. Белгілі деңгейдегі менталдық бұйығылыққа әкеліп соқтырды. Осылай болып бара жатқанын алын ала аңғарған Ә. Бөкейханов түбінде Қазақстанның Батыс демократиялық елдеріне қосылуын көксегені белгілі.
Отарлануға дейінгі кезеңде Африка құрлығының солтүстігіндегі араб елдерінен басқаларында, өркениетке дейінгі, рулық қауым жағдайында өмір сүріп жатқан елдерде (3-микротоп) күшті саяси элита немесе белгілі бір дәстүр ұстанатын, ұйымдасқан үстем тап болған жоқ. Бұл елдер отарлық тәуелділікке тез түсті. Батыстық отарлық жүйе тарап, тәуелсіздік алғаннан кейін бұл елдердегі билік тiстегеннiң аузында, ұстағанның қолында кете барды. Билік тұтқасы қолына тиген сибариттер мен компродорлар мемлекеттік тұрғы дегенді білмеді, сыбайлас жемқорлықты бетімен жіберіп, ел қазынасын мейілінше тонауға ұшыратты.
Сонымен, сыбайлас жемқорлықтың таралуы мен елдердiң билеушілерінің әлеуметтiк-тектік жағдайларының арақатынасына жасалған сараптаулардан мынадай қорытынды шығаруға болады:
А) сыбайлас жемқорлық монархтар немесе өзге текті отбасыларынан, ақсүйектер мен әулетті зиялы өкілдерінен шыққандар басқарып отырған елдерде өте аз.
Б) Сыбайлас жемқорлық тектілері тап ретінде құртылған (коммунистік режим жағдайында) немесе отарлықтан босаған кезде билікті кездейсоқ элементтер басып алған (отаршылар елді тастап шыққанда биліктің маңайында жүргендер немесе революциялық немесе қарулы көтерiлiс жолымен келгендер) немесе әулетті ақсүйектер әлеуметтік қабат ретінде қалыптаспағандықтан (Африка елдері) тексіз таптардан шыққандар басқарып отырған елдерде көбірек немесе оларды мейілінше жайлаған.
* * *
Тектiнiң iзгiлiктi, тексiздiң кесiрлi болуының феномен ретiнде тарихи уақытта, географиялық ауқымда қағидаланып қалуының сырлары адамдардың құндылықтар жүйесінің орнығу жағдайларымен жақсы ашылады. Бұл құбылыстың менталдық мәнін америкалық ғалым А. Маслоудың қажеттіктер иерархиясына сүйене отырып толығырақ түсінуге болады. Құндылықтың мәнін түсіну қажеттік ұғымының мәнін ашудан басталады.
Қажеттік – адамның қалыпты өмірлік қызметін қамтамасыз ету үшін керекті талаптардың қанағаттандырылмауымен шартталған және сол қажеттікті өтеуге бағытталған күй. Кез келген адамға қалыпты өмір сүру және даму үшін белгілі бір материалдық және рухани игіліктер қажет. Қажеттіктер адамның зауқын, эмоциясын, ойы мен еркінің бағыттарын айқындай отырып, оны белсенді әрекетке итермелейді.
А. Маслоу адамның қажеттіктерінің құрылымын әлеуметтік-менталдық тұрғыдан мейілінше айшықты анықтап берді. Ол адамның қажеттіктерін бес топқа бөліп, маңыздылығының өсуіне сай ретпен орналастырды [4: 10]. Олар мыналар:
- Физиологиялық қажеттіктер (аштықты басу, шөл қандыру, демалу);
- Қорғану (дене қауіпсіздігі);
- Әлеуметтік ортада өмір сүру (адамдармен жүздесу, билік, махаббат);
- Тұлға ретінде танылу (мәртебе, бедел, құрмет);
- Өзін көрсету (өзін өзі дамыту, бойы мен санасындағыны іске асыру, әділдікке, шындыққа ұмтылу).
А. Маслоу иерархиясының алдыңғы 1-3 баспалдақтарындағы қажеттіктер – адамның тәни және материалдық өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталған базалық қажеттіктер. Әр адам ең алдымен өзінің басым қажеттіктерін қанағаттандыруға тырысады. Мысалы, аш немесе қаталап шөлдеп отырған адам оған айналасындағылар қандай көзқараста болатындығы туралы ойламайды. Тойынғаннан, шөлін қандырғаннан кейін қажеттіктің бұл түрі адамның өзін ұстауындағы қозғаушы мотив болудан қалады. Алдыңғы лекке маңыздылығы жағынан келесі қажеттілік шығады, енді ол баспана жайлылығы, қауiпсiздiк туралы ойлай бастайды. Екiншi қатардағы қажеттiлiктер қамтамасыз етiлгеннен кейiн алдыңғы лекке өзгелермен жүздесу, сән, махаббат сияқтылар шығады. Үшінші баспалдақтағы қажеттіктер өтелгеннен кейін адам тұлға ретінде танылу жағын – мәртебеге, беделді болуға, құрметке бөленуге, танымалдыққа ұмтылады. Ақыры, осы баспалдақтардың бәрінен өтіп болғаннан кейін адам қажеттіктердің ең жоғарғы деңгейі туралы ойлай бастайды. Ол өзін көрсетуге, халық үшін, Отан үшін ұлы істер жасауға, келер ұрпақтың есінде қаларлық пайдалы іс тындыруға тырысады. Ол үшін өзін-өзі дамытады, сана рефлексиясын ширықтырады, бойы мен ойындағысын іске асыруға кіріседі. Бұл тұрғыда жоғары құндылықтарды – әділдікті, шыншылдықты, мәрттікті, зиялылықты, қайырымдылықты, мейірімділікті ұстанып әрекет етеді.
А. Маслоу құрған қажеттіктер иерархиясына сүйене отырып, әлеуметтік тегі жағынан әр түрлі адамдардың менталитетiнiң имманентті белгілеріне сипаттама беруге болады. Базалық қажеттіктердің препотенттігі мен мета-қажеттіктердің постпотенттігі арқылы адамның менталитетінің сапасы айқындалады.
Бұлардың алғашқысы – базалық қажеттіктердің препотенттігі – қараға тән. Кедей базалық қажеттiктердi өтеумен өмiрiн өткiзеді. Кедейден шыққан адам үнемi азық, киім, баспана қамын, есейгенде үйленуді, одан кейiн балаларын асырауды ойлаумен күнелтеді. Сол жолда көп қиындықтар көредi. Материалдық жетiспеушiлiк оны адал емес әдiстермен мал табуға немесе түсімді жұмыстан айырылып қалмау үшін бастығына жағынып күн кешуге итермелейдi. Сенситивтік жастарында бағдарламаланып тасталған старттық менталитетiнен бас тартуға шамасы келмейді. Бала кезінде үйренген арамзалығын есейгенде тастай алмайды. Билік баспалдағында өрлеген сайын өрлей бергісі, адал емес жолмен байыған сайын байи бергісі келеді. Кедейлік синдромы деп аталатын құбылыстың мәні осында.
Қажеттіктер иерархиясының алғашқы үш баспалдағын құрап тұрған «базалық қажеттіктердің қанағаттандырылуын метамотивация үшін жеткілікті жағдай деп қарастыруға болмайды, – дейді А. Маслоу. – Ол тек қажетті алғышарт сапасында ғана көрініс береді. Маған базалық қажеттіктері қанағаттандырылғанына қарамастан, «экзистенциялық жүйкесіздік» нышандары анық байқалатын, мағынасыздық пен қажетсіздік меңдеген адамдарды ұшырастыруыма тура келді» [сонда: 314]. Мешеу қоғамдардың билеушілерінің менталитеті осыны дәл көрсетіп отыр. Көрсеткенде бір топ адамдардың, тіпті бір елдің емес, жоғарыда келтірілген тізімдегі 79 елдің мысалы осының дәлеліне айналып отыр. Кедейден шыққан билеушілердің және олардың айналасына жиналғандардың психологиялық дені сау емес екендігін, өздерінің базалық қажеттіктерін қанағаттандырғаннан кейін де жоғары құндылықтарға қол созуға дейін өспейтінін, қажеттіктер иерархиясының үшінші баспалдағынан жоғары көтерілмейтінін көрсетіп отыр.
Осы құбылысқа И. Кант былай сипаттама берген: «Байлық – тектілік пен ақсүйектіліктің қайнары. Байлық нәсіл ақсүйектерін қалыптастырады, ол әйелдердің сұлуын таңдауға, жақсы мұғалімдерді жалдауға, таза тұруға, дене жаттығуларымен айналысуға мүмкіндік береді және бәрінен бұрын, топастандыратын дене еңбегінен құтқарады. Бұл жағынан алып қарағанда, бірнеше ұрпақтан кейін ізгіліктілікті, сұлу қылықтар мен әрекеттер жасауға үйренетін жағдайды жасайды» [5: 450].
Ақсүйектерге мета-қажеттіктердің постпотенттігі тән. Өйткені, олардың өмірі қажеттіліктер иерархиясының салыстырмалы жоғары – үшінші баспалдағынан басталады. Өмірге келгендегі старттық жағдайының өзінiң жоғарылығынан, ақсүйектер балалық және жастық шақтарындағы сана және дене қуатын физиологиялық қажеттіктерді қанағаттандыруға жұмсамайды, аштық зардабын шекпейді, киім тапшылығын көрмейді, өзін қорғау қажеттігін ойлап бас қатырмайды, демалысы, ұйқысы дұрыс болады. Олар балалық және жастық шақтарында білім алады, мәдениетті меңгереді, адамдармен жүздесу мәнерін үйренеді, қоғамдық санасы ерте оянады. Олардың iзгiлiктiлiк пен зиялылық дағдыларын қалыптастару жағдайы кедейлердiкiмен салыстырғанда маңыз аларлық деңгейде жоғары. Кедейге қарағанда ақсүйектердiң менталитетiнiң басқа болуы осы ұстанымды айырмамен – ақсүйектер алатын бiлiм мен тәрбиенiң кедейлер мен құлдарға берілетін бiлiм мен тәрбиеге қарағанда түпкiлiктi сапалық айрықшалығымен түсіндіріледі.
Материалдық және тәни қамтамасыздығы ақсүйектерге бала кезiнен-ақ адамдармен жүздесудi үйренуге, махаббатқа бөленуге, өсе келе отан, халық, билiк туралы ойлауына мүмкіндік береді. Сонан кейінгі саналы өмірін тектілер А. Маслоу иерархиясының 4, 5 баспалдақтарындағы қажеттіктерді қанағаттандыруға арнайды. «Жоғары қажеттiктер мен жоғары құндылықтардың өзектенуi жоғары салауатты және зерделi, есейген, күштi және тәуелсiз, қырағы және бiлiмдi адамдарға тән». [4: 159].
Адамның материалдық қамтамасыздығы мен салауаттылығы арасында тура байланыс бар екеніне А. Маслоудан бұрын көңіл аударған философтар да бар. Солардың бірі А. Шопенгауэр былай тұжырымдапты: «Ауқатты адам нағызында мызғымас адалдығымен жиі ерекшеленеді, өйткені, ол ... «suum cuigue» ережесін сақтайды, оның қағидаларын орындап жүреді... Берілу мен сенім адамдар арасындағы еркін қатынастардың, ізгі тәртіптің, мызғымас иеліктің негізі, сондықтан олар біздің өзімізге ылғи да тиімді болып шығады, осы мақсатпен ол ұстанымдарды тіпті кейде құрбандыққа бара отырып ұстау керек. Өйткені, әрқашан да игілік үшін құрбандыққа бару керек» [6: 190-191].
Адамның потенциялы интеллектуалдық мүмкiндiгiн ол шыққан нәсiлмен немесе ұлтпен байланыстыратын зерттеулер де болған. Дегенмен, түрлi нәсiлдер өкiлдерi арасындағы интеллектуалдылық айырманың болуын генетикалық емес, әлеуметтiк себептермен және қалыптасқан тарихи жағдайдың салдары ретiнде сипаттаушылар көбiрек. Бұл тұрғыда жоғарыда аталған А.Маслоудың «кедейлiк, езгi және теңсiздiк жағдайында өмiр сүруге мәжбүр болғандықтан, адамдардың көпшiлiгi мотивацияның жоғары деңгейiне дейiн көтерiлмейдi» [4: 341] деген тұжырымы көкейге көбiрек қонады.
Әрине, парасаттылықты тұқым қуалайтын, генетикалық феномен деген қорытынды шығаруға болмайды. Бiздiң императивiмiз: тектiлердiң парасаттылығы генетикаға емес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан зиялылық тәрбие мен мәдениетке тәуелдi. В. Белинский айтқандай, «егер қоғамның жоғары таптарынан тамаша адамдар көп шығып жатса, ол табиғаттың төменгі таптардан шыққандарға өзінің дарынын сыйлаудағы сараңдығынан емес, жоғары тап адамының дамуына жұмсалатын қаражаттың көптігінен» [7: 301].
Тек бұл тұста қазіргі қазақ шенеуніктері үшін ескермеуге болмайтын бір нәрсе бар. Ол – қарадан шықсаң да, жоғары лауазымға қол жеткізіп, ауқатың молайған сайын, сен игіліктілік пен ізгіліктілікке бет бұруға міндеттісің. «Кедейден шыққан бай жаманға» айналып, Итбайдың шекпеніне оранып алып, ашкөздіктің соңынан далбақтап шаба берме. Трансцендентті адым жаса, жартылай жоқшылықтағы кедей қитұрқылықты тастап, өркениетті елдің заманауи зиялысына айнал. «Барлық дәуірдің адамы бола біл» [8: 116]. Әлихан Бөкейханов: «Хан баласында қазақтың хақысы бар» дегенді айтқанынан бері ғасыр өтті. Енді бұл сөзді шенеунік атаулыда қазақтың қақысы бар деп түсін.
Әдебиеттер:
- https://ru.wikipedia.org “Трансперенси Интернешнл”.
- Фукуяма Ф. Доверие: Социальные добродетели и путь к процветанию. - М., 2004.
- Макиавелли Н. Государь. Рассуждения о первой декаде Тита Ливия.- Ростов н/Д.: “Феникс”, 1998.
- Маслоу А. Г. Дальние пределы человеческой психики.- СПб., 1997.
- Кант И. Основы метафизики нравственности. Соч. Т. 4, ч.1. М.: 1965.
6: Шопенгауэр А. Свобода воли и нравственность. М.: 1992.
- Белинский В.Г. ПСС. Т. 10. М., 1956. –
- Февр Л. Бои за историю. М.: 1991.
Автордың 1-мақаласын осы жерден оқи аласыздар
https://dalanews.kz/20234