Досаевтың әйелімен байланысты компания KASE-ден өз акцияларын шығарып алды

Кәмшат Тілеухан 30 шіл. 2025 15:57

Алтын өндірумен айналысатын «Жалтырбұлақ» компаниясының жай қарапайым акциялары 30 шілдеден бастап KASE-нің ресми тізімінен алынып тасталды. Мұндай шешім Алматының бұрынғы әкімінің әйелі Гүлнәр Досаеваға ішінара тиесілі компанияның өз бастамасы бойынша қабылданған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

«Жалтырбұлақтың» жай акциялары Қазақстан қор биржасының тізіміне 2021 жылы енгізіліп, сол жылдан бастап саудалана бастаған. Ал компанияның өзі 2015 жылы құрылып, Қарағанды облысындағы Жалтырбұлақ кенішінде алтын өндірумен айналысады.

«Кен игеру келісімшартының аяқталатын уақыты 2024 жылға сай келеді. Сол жылы маусымда Өнеркәсіп министрлігі құжатты тағы төрт жылға ұзарту үшін келісім жүргізуге рұқсат берді. АХҚО-да 2024 жылғы шілдеде тіркелген өзінің еншілес жеке компаниясы Altyntas Holding Ltd арқылы "Жалтырбұлақ" "Васильевское" ТМК мен Boke компаниясына да тиесілі. Соңғысы ШҚО-дағы Боко-Васильев кен орнының бірнеше учаскелерінде барлау және өндіру жұмыстарын жүргізеді. 2024 жылы "Васильевское" ТМК келісімшарт бойынша ШҚО-дағы Васильевское кен орнында алтын өндіру жұмыстарын аяқтады», деп жазады kursiv.kz.

KASE-дегі 2025 жылдың 1 шілдедегі мәліметтер бойынша, «Жалтырбұлақтың» акционерлері мына адамдар болып табылады: Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бауыржан Жамалов (31,88%), Алматы қаласының бұрынғы әкімі Ерболат Досаевтың жұбайы Гүлнар Досаева (25,6%), сондай-ақ Lancaster Group-тың қожайындары әрі кәсіпкерлер Берік Қаниев (16,73%) пен Юрий Пак (16,73%), Әлімбек Сейдуллаев (7,42%).

Компанияның 2024 жылғы есебінде Гүлнәр Досаева Altyntas Holding Ltd-дағы өз активтерінің бірін компанияның акционерлері пайдасына сатуды жоспарлап отырғаны көрсетілген.

"Шынында да, 2025 жылдың 16 мамырында акционерлердің жалпы жиналысында "Васильевское" тау-кен металлургиялық компаниясы" ЖШС мен Boke компаниясына иелік ететін Altyntas Holding-тің 100% акциялары берешекті өтеу есебімен 4,9 млрд теңгеге сату туралы шешім қабылданды. Сатып алушылар: Әйгерім Бектаева – 31,9% акция (құны бойынша 2,6 млрд теңге), Гүлнар Досаева – 15,2% акция (әрқайсысы 496 млн теңге), Берік Қаниев, Юрий Пак және Гаухар Қаппарова – әрқайсысы 15,2%-дан, Әлімбек Сейдуллаев – 7,4% болуы тиіс. Мәміле Өнеркәсіп министрлігінен жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді ауыстыруға рұқсат алғаннан кейін ғана аяқталуы мүмкін", деп жазады басылым.

Айта кетсек, 2024 жылы "Жалтырбұлақ" компаниясы 1,46 млрд теңге таза пайда тапты. Алайда акционерлер түскен пайдадан дивиденд төлемеу туралы шешім қабылдады. Өйткені компания 2023 жылы 1,18 млрд теңге шығынға ұшыраған.

2025 жылдың басынан бері Қазақстан қор биржасынан (KASE) осымен жетінші компания делистинг жасады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар