Жаңа оқу жылы қарсаңында мемлекет әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасы балаларының мектепке толыққанды дайындалуы үшін қаржылай қолдау көрсетеді. Бұл көмекті «Баршаға міндетті білім беру» қоры мен «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында алуға болады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Көмек кімдерге беріледі?
Аталған қаржылай қолдауды мына санаттағы отбасылар ала алады:
Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатын отбасылар;
Жан басына шаққандағы табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасылар;
Төтенше жағдайға тап болған отбасылар;
Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар.
Қаржылай көмектің көлемі әр өңірдегі күнкөріс деңгейіне байланысты белгіленеді. Мәселен, 2025 жылдың маусым айындағы мәлімет бойынша республика бойынша орташа күнкөріс минимумы – 58 655 теңге. Алматыда – 58 202 теңге, Астанада – 58 874 теңге, Шымкентте – 54 569 теңге, ең жоғарысы – Маңғыстау облысында (63 744 теңге).
Өткен жылы берілген қаржының орташа көлемі 43 400 теңгені құраған. Әр облыс пен қала өз бюджетіне сәйкес көмектің нақты сомасын бекітеді.
Көмекті қалай алуға болады?
Мемлекеттік көмекті рәсімдеу үшін төмендегі құжаттар қажет:
Ата-ананың жеке куәлігінің көшірмесі;
Баланың туу туралы куәлігі;
Атаулы әлеуметтік көмек алатыны туралы анықтама немесе табысын дәлелдейтін басқа да құжаттар.
Құжаттар мектеп әкімшілігіне немесе жергілікті білім бөліміне тапсырылады. Сондай-ақ, бұл көмекті egov.kz порталы немесе жұмыспен қамту орталықтары арқылы да рәсімдеуге болады. АӘК алушыларға құжат жинаудың қажеті жоқ, олар үшін рәсімдеу жеңілдетілген.
Қаржы арнайы банк картасына аударылады және тек баланың мектепке қажетті киім-кешегі мен кеңсе тауарларын сатып алуға жұмсалуы тиіс. Басқа мақсатқа пайдалануға қатаң тыйым салынады.
Көмек алғаннан кейін 10 жұмыс күні ішінде сатып алған заттардың чектерін және баланың сатып алынған киім-кешек, құралдармен түскен фотоесебін мектепке өткізу міндетті. Егер қаражат басқа мақсатқа жұмсалғаны анықталса, ата-ана жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Қосымша көмекті қайдан алуға болады?
Мемлекеттік қолдаудан бөлек, демеушілер мен меценаттар есебінен қосымша көмек алуға болады. Ол үшін www.atamekenim.kz порталындағы «Мектепке жол» арнайы бөлімінде өтініш қалдыру қажет. Бұл платформа арқылы жыл бойы өтініш қабылданып, демеушілер тарапынан нақты көмек көрсетіледі. Өтініштер Ұлттық білім беру дерекқоры арқылы тексеруден өтеді.
«Әлеуметтік әмиян» платформасында әзірге тек материалдық көмек (киім-кешек, құрал-жабдық) қарастырылған. Ақшалай көмек бұл платформа арқылы берілмейді.
Мектепке дайындық үшін берілген қаражат мақсатты көмек болып табылады және тек белгіленген ережелерге сай пайдаланылуы тиіс екенін естен шығармаған жөн.