Мәжіліс депутаты Сергей Пономарёв Алматы метросын кеңейтуге 1 миллиард доллар бөлінгенін айтып, бұл қаржы тек екі жаңа станция құрылысына кетіп жатқанын сынға алды. Оның айтуынша, қазіргі таңда тоннель қазу жұмыстары тәулігіне небәрі екі метр жылдамдықпен жүргізілуде. Депутат бұл көрсеткішті тым баяу деп бағалап, құрылысқа қытайлық компанияларды тарту тиімді болар еді деген пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Алайда нақты деректерге сүйенсек, «Бауыржан Момышұлы» станциясынан «Қалқаманға» дейінгі аралықта қазу жұмыстары тәулігіне шамамен төрт метр жылдамдықпен жүріп жатыр. Мердігерлердің айтуынша, бұл учаске геологиялық тұрғыдан күрделі: ірі тастар мен валундар жиі кездеседі, кейбірінің диаметрі 1,5 метрге дейін жетеді. Осындай ерекшеліктер жұмыс қарқынын тежейтінін түсіндірді. Дегенмен жеңіл учаскелерде қазу жылдамдығы арта түседі.
Шетелдік компаниялар құрылысқа қызығушылық танытқанымен, олардың қызметі айтарлықтай қымбатқа түсетін болған. Есептеулерге сай, шетелдік мердігерлермен жұмыс істеу әр шақырымға қосымша 20 миллион доллар шығын әкелуі мүмкін. Бұл сомаға логистика, техниканы бейімдеу, тілдік және заңдық ерекшеліктерге байланысты қосымша шығындар кірмеген.
Сонымен қатар, шетелдік мердігерлер көбіне EPC үлгісімен жұмыс істейді: қағаз жүзінде толық жауапкершілікті өз мойнына алады, бірақ іс жүзінде мерзім мен қаржының артық жұмсалу тәуекелдерін тапсырыс берушіге аударады. Мұндай жағдайлар өзге елдерде де тіркелген.
Қазіргі уақытта Алматыдағы метро құрылысы бекітілген уақытпен жүріп жатыр, кейбір учаскелерде жоспардан озық жұмыс атқарылуда. Сол жақ тоннель толығымен аяқталған, енді рельс төсеу жұмыстары басталды. Ал оң жақ тоннельде 1593 метрдің 875 метрі қазылып біткен. «Қалқаман» станциясы нормативті 36 айдың орнына 14 айда тапсырылады деп жоспарланып отыр.