Желі қолданушылары Италиядағы тегін оқуды Назарбаев активтерімен байланыстырды

Сағыныш Сардарова 30 шіл. 2025 16:23

Threads желісінде Италияда оқуға қатысты қызық жазба пайда болды. Желі қолданушылары қазақстандықтардың бұл елде тегін оқуын ескі Қазақстанмен, соның ішінде экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевпен байланыстырды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Желі қолданушыларының бірінің айтуынша, Италия қазақстандықтарға тегін оқуға мүмкіндік береді, себебі бұл ел үшін Қазақстан - кедей мемлекет.

"Не қуанарымды, не жыларымды білмеймін. Италия қазақтарға стипендия береді: тегін оқу, оған қоса жылына 8 000 еуроға дейінгі төлем. Әдетте біз ұзақ процесстен өтеміз: құжаттарды аударамыз, заңдастырамыз, отбасының табысын дәлелдейміз... Бұл жолы студентім UniMi-ге (Милан университетіне) оқуға түсті және мұның ешқайсы талап етілмеді. Өйткені Қазақстан "кедей елдер" тізіміне енген", - деді ол.

Threads желісінің тағы бір қолданушысы бұл мүмкіндікті Назарбаевтың Еуропадағы активтерімен байланыстырған.

"Бұл үшін Италия Назарбаев кланының ұрланған ақшасын пайдаланатынын білесіз бе? Өйткені Назараевтың швейцариялық есепшоттарының біразын Еуропа баяғыда бұғаттаған, кейін олар ымыраға келген, кейбір Еуропа елдері оларды Қазақстанмен арадағы студенттік бағдарламалар үшін пайдаланады. Италия бірден реакция берді, Венгрия да солай. Олар өз университеттерін банкрот болудан осылай құтқарады, студенттерімізге көмектеседі, ал ең бастысы Қазақстанның жемқор билігі мен олигархтарына ақшаны қайтармайды", - деді ол.

Әлеуметтік желіде бұл жазбалар қызу талқыланып жатыр, кейбіреулер мұндай пікірмен жұртты адастырмауын сұраса, енді біреулер оқу туралы кеңірек ақпарат беруін сұраған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар