Жамбыл облысындағы жол апатына байланысты іс қозғалды. Жүргізуші Рахмоновтың жұбайы болуы мүмкін, деп хабарлайды Dalanews.kz Qazaq.today-ге сілтеме жасап.
Жамбыл облысында екі адамның өліміне себеп болған жол апаты бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы бойынша іс қозғалды. Бұл апатқа UFC жекпе-жек ұйымында өнер көрсететін қазақстандық спортшы Шавкат Рахмоновтың жұбайы қатысқан болуы мүмкін деген ақпарат әлеуметтік желіде тарауда.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қазіргі таңда оқиғаның нақты себебі мен мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Көлік айып тұрағына қойылған.
Жол-көлік оқиғасы 27 шілдеде сағат 08:50 шамасында «Алматы – Екатеринбург» тас жолының 299-шақырымында болған. Қарағанды облысынан Алматыға бет алған Toyota Land Cruiser 200 көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, көлік аударылып кеткен.
Апат салдарынан екі адам оқиға орнында көз жұмды, тағы екі адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген.
Осы оқиғаға байланысты жүргізуші Шавкат Рахмоновтың жұбайы болуы мүмкін деген ақпарат интернетте тарады, бірақ бұл мәлімет әзірге полиция тарапынан ресми түрде расталған жоқ.