Марат Жыланбаевтың түрмедегі видеосы жарияланды

Көркем Алдабергенова 30 шіл. 2025 14:04

Құқық қорғаушы, «Ар.Рух.Хақ» қоғамдық қорының басшысы Бақытжан Төреғожина марафоншы Марат Жыланбаевтың изоляторда түсірілген видеосын жариялап, оның денсаулығына алаңдап отырғанын айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Видеоны ол өзіне қатысты әкімшілік іс аясында полициядан алған.

Төреғожина видеоны көрген соң, Жыланбаевтың жағдайының тым ауыр екенін мәлімдеді.

«Мараттың жүзіне қараңыздаршы! Арықтағаны соншалық – тек жақ сүйегі ғана көрініп тұр! Биліктің оның бетін неге көрсетпей отырғаны түсінікті!» – деп жазды Төреғожина.

Видеода марафоншы таңғы жаттығу жасап жатқанымен, құқық қорғаушы оның денесі әбден әлсірегенін байқап отыр.

«Марат тұрып жаттығу жасағанымен, теңселіп кетеді. Терісі мен сүйегі ғана қалды деуге болады. Бұл – оның аштықтан қатты әлсірегенінің айғағы», – дейді Төреғожина.

Сондай-ақ құқық қорғаушы Жыланбаевтың жаттығу жасап жатқанына қарап, оның денсаулығы жақсы деуге болмайтынын атап өтті.

«Марат – кәсіби спортшы. Бүгін оның аштық жариялағанына 56 күн болды. Жаттығу жасап жатқаны – жағдайының жақсы екенін білдірмейді. Көптеген спортшы, тіпті арбаға таңылған күннің өзінде де жаттығу жасауды жалғастыра береді», – деп жазды құқық қорғаушы.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар