Өскемен титано-магний комбинатының шетелдік қожайындары дивиденд алатын болды. Ал бұл зауыт биыл мамыр айында сары улы түтінімен бүкіл қаланы тұншықтырып, елдің наразылығына ұшыраған еді. Экологтар өздеріне қомақты көлемде айыппұл да салған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қазақстан қор биржасының (KASE) ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, Өскемен титан-магний комбинаты артықшылыққа ие акциялары үшін дивиденд берілетінін жариялады. Әр акция иесі 500 теңгеден алмақ. Жалпы төленетін дивиденд сомасы 54 миллион теңгеге жуықтайды.
Кәсіпорынға иелік ететін алты шетелдік компания бар. Оның ішінде негізгі акционер – Бельгияның Specialty Metals Holding Company компаниясы (үлесі – 44,74%). Қалған акциялар сингапурлық New Asia Investment Group, Metacapital Investments, Metal Resource & Technology, New Metal Investments және Швейцарияның Kolur Holding AG компанияларына тиесілі.
Өскемендегі бұл кәсіпорын авиация және басқа да маңызды салалар үшін титан құймалары мен магний өндіреді. Бірақ соңғы уақытта зауыттың аты өнім сапасымен емес, экологиялық былықтармен жиі шығып жүр.
Осы жылдың мамыр айында кәсіпорында апатты жағдай орын алып, атмосфераға зиянды заттар тарады. Қаланы қою сары түтін тұмшалап, тұрғындар хлордың өткір иісінен тұншығып, тыныс алу қиындағанына шағымданған. Ал комбинат басшылығы «хлор мөлшері қалыпты деңгейден асқан жоқ» деп мәлімдеп, экологиялық инспекторларды тексеріске бастапқыда кіргізбей қойған.
Ақыры зауыт аумағына кіруге мүмкіндік алған экологтар газ тазарту құрылғысын пайдалану ережелері өрескел бұзылғанын анықтады. Газ құбырын тазалау кезінде орын алған технологиялық ақаудан зиянды заттар атмосфераға еркін тараған. Комбинатқа 24 миллион теңге айыппұл салынды.
Дегенмен, қала жұрты зауытқа кесілген бұл жазаның тым жеңіл екенін айтып отыр. Улы газдың зардабын тартқан халыққа өтемақы төлеудің орнына, шетелдік компаниялар енді дивиденд арқылы өз пайдасын алып кетпекші. Бұл жағдай халықтың наразылығын одан әрі күшейтуі мүмкін.