Тіпті 25%-дан 20% - ға дейін төмендетілген ипотекалық несие бойынша да жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) қарыз алушылар үшін ауыр ауыртпалық болып табылады әрі ол проблемалық несиелердің артуына қауіп төндіреді, деп есептейді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (АРРФР) басшысы Мәдина Әбілқасымова. Оның айтуынша, 20% - бұл ипотекалық несиелер үшін жеткілікті үлкен мөлшерлеме, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Өздеріңізге белгілі, ипотекалық несиелер ұзақ мерзімге беріледі, несие сомасы да үлкен, бұл қарыз алушылар үшін де, банктер үшін де айтарлықтай тәуекелдер тудырады. Біз ұзақ мерзімді перспективада жылдық тиімді мөлшерлеме бойынша 20% - дан жоғары ипотекалық несиелерді тұрақсыз деп санаймыз. Оны алушы адамға тым жоғары қарыз жүктемесі түседі", - деп Kapital.kz Мәдина Әбілқасымованың сөзін келтіреді.
Оның айтуынша, ипотека бойынша жоғары мөлшерлемелер төлем қабілеті төмен халық үлесін арттыруға және банктер портфеліндегі мерзімі өткен қарыздардың өсіміне әкеліп соғуы мүмкін.
"Қарыз алушылардың бұл несиені уақтылы өтеуі қаупі жоғары. Бастапқыда жалға алғанша ипотекалық несие төлеген жақсы сияқты көрінуі мүмкін. Адамдар осы оймен де қарызға баспана сатып алады. Бірақ жылдар өте келе несие төлеу адамды қажытады, қаржылық жағдайы да нашарлауы мүмкін. Банктер үшін қаржылық тұрақтылық тұрғысынан мерзімі өткен қарыздар саны да ұлғаятын болады. Біздің қолға алып жатқан шараларымыз жоғары мөлшерлеме бойынша ипотекалық несиелендіруді ынталандырмауға бағытталған", - дейді ол
Мәдина Әбілқасымова реттеуші орган 2025 жылғы 1 қарашаға дейін ЖТСМ-ді 20% ға дейін төмендету жөніндегі процесті уақытша тоқтатып қойғанын еске салды. Бұл банктердің бұған дейін қабылдап қойған барлық өтінімдерді мақұлдауы және олар бойынша шарттар әзірлеуі үшін жаалған. Сонымен қатар, ол 20% мөлшерлеме ипотека үшін жеткіліксіз деп санайтын банктер ұстанымымен келіспейтінін жеткізді.
"Біз банктердің "Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі 16,5% болғанда ипотекалық несиенің жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің 20%-дық шегі тым төмен" деп жатқанын естідік. Ұзақ мерзімді перспективада жылдық тиімді мөлшерлеме бойынша 20% - дан жоғары ипотекалық несиелер тұрақсыз болып табылады. Оның орнына Отбасы банк құралдарын пайдаланған дұрыс немесе банктерге өздерінің жеңілдікті құралдарын түзгені дұрыс. Біз қазір банктердің Отбасы банкіндегідей тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысатындай ету үшін құжаттармен жұмыс істеп жатырмыз", - деп түсіндірді ҚНРДА басшысы.
Маусым айында ҚНРДА мен ҚР Ұлттық банкінің бірлескен қаулысымен ипотека бойынша ең жоғары ЖТСМ-нің шекті мөлшері 25%-дан 20%-ға дейін төмендетілгені хабарланды. Кейінірек реттеуші органдар ипотека бойынша ең жоғары мөлшерлемені 20%-ға дейін төмендету туралы бұйрық күшін 2025 жылдың 1 қарашасына дейін тоқтатты. Осылайша, 2025 жылғы 1 қарашаға дейін несиелердің барлық шекті мөлшері мынадай күйде қалдырылды: ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша - 25%, кепілсіз банктік қарыздар бойынша - 46%, кепілмен қамтамасыз етілген банктік қарыздар бойынша - 3%, микроқаржы ұйымдары берген микрокредиттер бойынша - 46%. Реттеуші орган банктерге өтпелі кезеңге уақыт берілгенін хабарлады.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, Отбасы банкпен қатар Halyk, Kaspi, Forte, CenterCredit сынды ірі коммерциялық банктер енді мемлекеттік қолдаумен берілетін ипотекалық несие бағдарламаларына қатыса алуы мүмкін. Ал бұрын бұл мүмкіндікке тек Отбасы банк қана ие болып келген. Әзірге, осы мағынадағы құжат әзірленіп, ұшталып жатыр, ал ол Мәжіліске 2025 жылдың тамыз айында келіп түсетін көрінеді.