Бүгін, 22 қарашада өткен баспасөз конференциясында "ҚазМұнайГаз" ҰК " АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасеновтан журналистер еліміздің батысында газ құю бекеттерінде соңғы кездері жиі орын алатын ұзын-сонар кезектің себебі неде екенін сұрады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Асхат Хасенов ҚМГ сұйытылған мұнай газ өндіруші 10 компанияның бірі болып табылатынын нақтылады.
"Біздің барлық үш зауыт жұмыс істеп тұр. Министрлік бізге кесте бойынша белгілеп, нені бөліп көрсетеді, біз соның барлығын қалтқысыз орындап жатырмыз. Біз, тіпті бүгіндері жоспардағы өндіріс көлемін мерзімінен бұрын орындаудамыз. Өндірілгеннің бәрін ішкі нарыққа бағытталуда", - деді ол.
ҚМГ басшысы еліміздің батысында кезек мезгіл-мезгіл пайда болып тұратынын білетінін, бірақ бұл өндірушілерге емес, нарықта газ тарататын Энергетика министрлігіне қатысты мәселе екенін баса айтты.