"ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Басқарма төрағасы А.Хасенов және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитетінің төрағасы Е.Жаңбыршин "ҚазГӨЗ" ЖШС және Жаңаөзен қаласындағы жаңа газ өңдеу зауытының құрылыс алаңына барды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сапар барысында А. Хасенов ҚазГӨЗ басшылығымен және салынып жатқан зауыт Дирекциясымен жиналыс өткізді. Кеңесте ҚазГӨЗ-дің өндірістік-шаруашылық қызметіне қатысты мәселелер және Жаңаөзендегі жаңа ГӨЗ салу жобасының орындалу статусы талқыланды.
2024 жылдың 6 айында ҚазГӨЗ шамамен 407,8 млн м3 шикі газ өңдеп, 339,1 млн м3 тауарлық газ, 97,6 мың тонна сұйытылған мұнай газын, 26,5 мың тонна пентан-гексан фракциясын, 0,8 мың тонна пеш отынын өндіріп шығарды. Зауыт көптеген көрсеткіштер бойынша өндіріс көлемін асыра орындады.
ҚМГ басшысы бекітілген өндірістік жоспарды орындау, өнеркәсіптік қауіпсіздікті және еңбекті қорғауды қамтамасыз ету қажеттілігіне назар аударды. Сонымен бірге өңірді отынмен және сұйытылған мұнай газымен үздіксіз қамту мақсатында қолданыстағы және жаңа ГӨЗ-дің үйлесімді жұмысын ұйымдастырудың маңыздылығын атап өтті.
Өз кезегінде Е. Жаңбыршин экологиялық стандарттар мен еңбекті қорғау талаптарын қатаң сақтау қажеттілігіне, сондай-ақ өңірдің тұрақты дамуы мен халықтың мүддесін қорғау үшін депутаттық бақылау мен аталмыш жобаларды қолдаудың маңыздылығын атап өтті.
2024 жылдың соңына дейін шамамен 838 млн м3 шикі газ өңдеу, 698 млн м3 тауарлық газ, 192 мың тонна сұйытылған мұнай газын, 56 мың тонна пентан-гексан фракциясын, 1,3 мың тонна пеш отынын шығару жоспарда.
Жиын қорытындысы бойынша өңірді энергиямен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында жаңа зауытты жоспар бойынша мерзімінде пайдалануға берудің маңыздылығына баса назар аударылды.