Қызылордада көлік жылдамдығын бақылайтын «көзге көрінбейтін» камералар пайда болды,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Облыстық полиция департаментінің айтуынша, арнайы белгілері жоқ қызметтік автокөліктерге жылдамдықты автоматты түрде анықтайтын «Ekin X-Spotter» атты құрылғылар орнатылды.
— Облыс орталығында жол көлік оқиғаларының алдын алу және жол жүрісіне талапты күшейту мақсатында құқық бұзуды тіркейтін мобильді автоматтандырылған кешендерді пайдалана отырып, жасырын патрульдеу тәжірибесі қолданысқа енгізілді. Мұндай кешендерді қолдану халықаралық тәжірибеге сай келеді. Жасырын патрульдеу бірнеше мемлекетте кеңінен қолданылып, жол үстіндегі құқық бұзудың алдын алу бағытында тиімді құрал ретінде дәлелденді, — деді департаменттің жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Мұратбек Манатов.
Тәртіп сақшылары осы орайда көлік жүргізушілерінен жылдамдықты асырмауды, тәртіпке бағынуды сұрайды.