Қызылордада 500-ге жуық үйге тегін датчик орнатылады

Ақтоты Жапатова 28 там. 2025 11:45

Өткен жылу беру маусымында Қызылорда облысының тұрғын үй секторларында 120 өрт оқиғасы болды. Бұл алдыңғы жылғыдан 24,1%-ға көп. Бұл жайлы Қызылорда облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы азаматтық қорғау полковнигі Асхат  Оразбеков мәлімдеді,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Тілсіз жау сектор иелерін 15,5 млн теңгеге жуық шығынға батырған. 

— 4 адам қаза тауып, 3 адам жарақат алды. Табиғи газдан 3 адам уланып қайтыс болса, 5 адам жарақат алды. Көмірқышқыл газынан улану жағдайлары тіркелген жоқ. Мұндай келеңсіз оқиғалар тұрғындардың қауіпсіздік шараларына салғырт қарауынан, яғни тұрмыстық пештің техникалық жағдайын қадағаламауынан, балаларды қараусыз қалдыруынан көбейіп тұр, — деді Асхат Оразбеков.

Құтқарушылар жаңа жылу маусымы алдында профилактикалық іс-шаралар қарқынын күшейтті. 

— Одан бөлек, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламар басқармасы тұрмысы төмен, көпбалалы, жалғысбасты ана және мүгедек жандар тұратын 6 825 отбасының тізімін ұсынды. Осы отбасылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2024 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен табиғи газды анықтайтын 484 датчик сатып алынды. Алдағы жылу беру маусымында сол құрылғыларды орнатамыз, — деді маман.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар