Қызылорда өңірі Айдос Сұлтанғалидің тарихи жеңісін бағаламай отыр ма?

Сағыныш Сардарова 22 қыр. 2025 14:52

Қазақстандық грек-рим күресінің шебері Айдос Сұлтанғали Хорватияның Загреб қаласында өткен әлем чемпионатының жеңімпазы атанды. Әлеуметтік желіде спортшының бұл жеңісі туған жерінде лайықты бағасын ала алмай отырғаны жөнінде жазба тарады. Dalanews.kz мәселенің мән-жайына үңілді.

Даудың басы

Журналист Ақырыс Сейітқазы әлеуметтік желіде мынадай жазба жариялады:

"Кеше чемпион атанған Айдос Сұлтанғали өткенде сұхбат берді маған. 2022 жылы Сербиядағы әлем чемпионатынан қоламен оралады ғой. Сөйтіп туған жеріне барады. Ол жақтағылар құр диплом мен статуэтка беріп, арқасынан қағып шығарып салыпты. Айдос балуандарға қолдаудың, демеудің аса маңызды екенін айтып, біраз налыған. Барлығы боксшылардан кем қылмай, 100 мың доллар берсін деп жатыр. Бірақ күресте мұндай ақша қайдан? Ол үшін федерацияның тізгінін бай-бақуатты, балуандардан ештеңе аямайтын біреу ұстау керек", - деді ол.

Ақырыс Сейітқазы осы тұста өңір әкімдігі де үнсіз жатқанын тілге тиек еткен.

"Айтайын дегенім, Нұрлыбек Нәлібаев 2022 жылдың сәуірінен бері сол өңірдің әкімі екен. Айдос сол жылы күзде әлем чемпионатындағы екінші қоласын алды. Енді, міне, чемпион атанып отыр. Өкініштісі сол, облыс әкімдігінің ресми инстаграм парақшасында Айдостың жеңісі туралы бір жазба жоқ (облыстық әкімдіктің ресми сайты мен ресми инстаграм парақшасында Сұлтанғали жайлы ешбір мәлімет жоқ. Кейбір шенеуніктер жеке парақшаларында қүттықтауы мүмкін екенін жоққа шығармаймын). Айтпақшы, қызылордалық Мөлдір Жаңбырбай каратэден тұңғыш әлем чемпионы болып оралғанда осы Нәлібаевтар 300 мың теңге берген екен. Мөлдір сол ақшаға Қызылордаға барып-қайтатын билеп алыпты. Осындай спортшыларға зар болып отырған аймақтар бар. Ал Қызылорда қолда барын бағалай алмай отыр", - деді ол.

Өңір әкімдігі бұл сынға дейді?

Dalanews.kz осы мәселеге байланысты Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне жүгінді. Жауаптылардың сөзінше, Айдос чемпион болған күні облыс әкімі өзінің парақшасында құттықтаған.

Бұдан бөлек Қызылорда облысының Спорт және туризм басқармасы да жазбаға пікір білдірген.

"Қызылордалық Айдос Сұлтанғали ел намысын абыроймен қорғап жүрген таланатты спортшыларымыздың бірі болғандықтан мемлекет тарапынан оған әрдайым түрлі деңгейдегі қолдаулар көрсетіліп келеді. Жалпы Айдос Сұлтанғали облыс тарапынан үздік спортшыларға берілетін шәкіртақының иегері екенін айта кетейік. Мұнымен қоса, былтыр яғни 2024 жылы Париж Олимпиадасына жолдама алған спортшымызға облыс әкімі жаңа көліктің кілтін табыстаған болатын. Күні кеше Айдос Сұлтанғали қазақ спортында араға 26 жыл салып, тарихи жетістікке қол жеткізіп, ел мерейін үстем етті. Осыған орай чемпион атанған спортшымызға өз деңгейінде құрмет көрсетіледі", - деді Сыр спорты өкілдері.

Dalanews.kz спортшыға бұл жолы нақты қандай құрмет көрсетілетінін анықтауға тырысты. Әзірге бұл сауалға өңір әкімдігі жауап қатпады.

26 жыл күткен тарихи жеңіс

Айдос Сұлтанғалидің бұл жетістігі - тарихи жеңіс. Өйткені араға 26 жыл салып Қазақстан қоржынына грек-рим күресінен Әлем чемпионатының алтын жүлдесі түсті. Ол 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қарсылас шақ келтірмеді.

Финалда Айдос Сұлтанғали өзбекстандық Алишер Ғаниевті 9:0 есебімен айқын жеңіп, жарысты мерзімінен бұрын аяқтады.

Айта кетейік, Айдос Сұлтанғали бұған дейін де әлем чемпионатында екі рет қола жүлдегер атанған (2018, 2022).

Мемлекет басшысы грек-рим күресінен Әлем чемпионы Айдос Сұлтанғалиді құттықтады.

"Айдос Сұлтанғалиді Әлем чемпионатындағы жарқын жеңісімен құттықтаймын! Ол – грек-рим күресінен осы ғасырдағы тұңғыш жеңімпаз. Балуандарымыздың жеңісті жолды жалғастыра беруіне тілектеспін!" – деп жазды Президент Instagram парақшасында.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар