Қызылорда облысының әкімі әлеуметтік желілерде тараған, мектеп мұғалімдерін өңір басшысы туралы жазбаларға лайк басып, пікір қалдыруға мәжбүрледі деген скриншоттарға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында журналистер Нұрлыбек Нәлібаевке WhatsApp мессенджеріндегі хат-хабар скриншоттары туралы сұрақ қойды. Онда хабарлама авторлары педагогтерден Қызылорда облысының әкімі туралы жарияланымдарға 30 лайк қойып, сонша пікір жазу талап етілгенін алға тартқан.
Аймақ басшысы мұндай тапсырмалардың болғанын жоққа шығарды.
"Мұндай тапсырма болған жоқ. Егер нақты дәлелдеріңіз болса, жолдаңыздар, мен жауап беремін. Қажет болған жағдайда бұл деректі тексеру үшін құқық қорғау органдарына жүгінеміз. Бұл ақпараттың қайдан шыққанын білмеймін. Бізге лайк те, пікір де қажет емес. Біз тек өз жұмысымызды атқарып жүрміз", - деді Қызылорда облысының әкімі.
Әкімдік не себепті ақпарат жалған болған жағдайда тексеріс бастамады деген сауалға жауап берген Нәлібаев интернетте жарияланымдардың өте көп екенін атап өтіп, бұл мәселеге қатысты жазбаша түрде кеңірек түсініктеме беруге дайын екенін айтты.
"Желіде түрлі ақпарат көп жарияланады. Мен оны есімде сақтамаймын, бәлкім, бұл сұраққа бұрын да жауап берген шығармын", - деді аймақ басшысы.
