Қызылорда облысында сталкингпен айналысқандарға сот үкімі шықты

Көркем Алдабергенова 29 сәу. 2026 12:34

Қызылорда облысында сталкинг деректері бойынша сот үкімдері шықты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қызылорда қаласының тұрғыны жәбірленушінің өзімен қандай да бір  қарым-қатынас орнатуға ниеті жоқ екенін біле тұра, тоғыз ай бойы мазасын алып, жүйелі түрде аңдыған.

Атап айтқанда, жәбірленуші бірнеше мәрте өзін мазаламауды және байланыс орнатқысы келмейтінін жеткізгеніне қарамастан, сотталушы оның талаптарын елемеген.

Ол әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы үздіксіз хабарламалар жолдап, жұмыс орны мен тұрғылықты мекен-жайына барып, жүйелі түрде аңду жүргізіп, байланыс орнату мақсатында психологиялық қысым көрсеткен.

Жәбірленушінің арызы негізінде құқық қорғау органдарымен тиісті шаралар қабылданып, сот үкімімен Қызылорда қаласының тұрғыны Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 115-1-бабы бойынша кінәлі деп танылды. Оған 100  сағатқа қоғамдық жұмысқа тарту түріндегі жаза тағайындалды.

Бұдан бөлек облыс аумағында сталкинг жасаған тағы 2 азамат сотпен кінәлі деп танылып, әрқайсысына осы тектес жаза тағайындалды.

Айта кетейік, 2025 жылғы 16 шілдеден бастап Қылмыстық кодекске 115-1-бап енгізіліп, сталкинг үшін қылмыстық жауаптылық белгіленді.

Аталған бапқа сәйкес адамды жүйелі түрде қудалау, мазасыз қоңыраулар шалу, аңду және азаматтардың жеке өміріне қол сұғылмаушылық құқығын бұзатын өзге де әрекеттер қылмыстық құқық бұзушылық.

Осы құқық бұзушылық үшін заңнамада екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, екі жүз сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар немесе елу тәулікке дейін қамау түріндегі жаза көзделген.

Қызылорда облысының прокуратурасы азаматтарды заң талаптарын қатаң сақтауға, өзге тұлғалардың жеке өміріне және жеке кеңістігіне құрметпен қарауға, сондай-ақ құқық бұзушылықтарға жол бермеуге шақырады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove