Қызылорда облысында мас күйінде көлік тізгіндеген жүргізушілер заңсыз жауапкершіліктен босатылған

Қаракөз Амантай 22 қар. 2024 15:51 133

Қызылорда облысында мас күйінде көлік басқарған жүргізушілер заң алдындағы жауапкершіліктен босатылған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Сот қаулысымен алкоголь тұтынып, масаң күйде көлік құралын басқарған үш адам жауапкершіліктен босатылғаны анықталды", – делінген облыстық прокуратураның хабарламасында.

Қызылорда облысының прокуратурасы әкімшілік істер бойынша сот шешімдерінің заңдылығын талдап, нәтижесінде 30 заңсыз актінің күші жойылған. Осы тексерулер барысында мас күйінде көлік басқарған 3 жүргізушіге қатысты істің негізсіз тоқтатылғаны белгілі болды.

Мәселен, бір жағдай бойынша, құқықбұзушы мас күйінде көлік жүргізіп, көлікті ұрлап, жол-көлік оқиғасын жасап, оқиға орнынан қашып кеткен. Соған қарамастан, Шиелі аудандық соты оны жәбірленушімен татуласуына байланысты жазадан босатқан.

Прокуратураның араласуынан кейін апелляциялық инстанция сот қаулысын жойып, құқықбұзушыны 20 тәулікке қамауға алып, жүргізуші куәлігінен жеті жылға айыру жазасын тағайындады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар