Қызылорда облысында күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны басталды. Бұл туралы облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті мәлімдеді,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Биыл 1 қыркүйек пен 30 желтоқсан аралығында 18-27 жас аралығындағы 900-ге жуық жерлесіміз отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге жіберіледі. Оның басым көпшілігі Қарулы күштер, Ұлттық Ұлан және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі қатарында болады.
— Мерзімді қызмет кезінде сарбаздардың несие төлеу мерзімі 1 жылға тоқтатылады. Білім беру саласында ұлттық бірыңғай тест сынағына қатыспай жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігі бар. Биыл Қызылорда облысынан 61 азамат жоғары оқу орындарына бөлінген мемлекеттік білім грантын иеленді. Әскерге шақыру 1414 сервис қызметі арқылы пилоттық режимде SMS-хабарлама жіберу арқылы жүзеге асырылады, — деді департамент бастығының орынбасары Нұрлыбек Сейітханов.
Іріктеу кезінде жігіттердің денсаулығы, сауаттылығы, моральдық-іскерлік қабілеті ескеріледі. Отбасы және денсаулық жағдайы, білім алуды жалғастыру ниеті шақыруды кейінге қалдыруға негіз бола алады. Кезекті мерзімді әскери қызметке шақырылғандардың алды Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне аттанбақ.