Қызылорда облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Бұл туралы агенттіктің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Ол ұлының оқуына ақы төлеу қажеттілігі және дизельді отынмен қамтамасыз ету туралы бизнес өкілдеріне заңсыз нұсқаулар беру арқылы лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін күдікке ілінді. Сонымен қатар, шенеунік өңір кәсіпорындарының сұйытылған газдың тиісті көлемін алу құқығын шектеу арқылы заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі келтірді деген күдік бар”, — делінген хабарламада.
Соттың санкциясымен күдікті қамауға алынды. Қазіргі уақытта іс прокурорға жіберілді.
Тергеу мүддесіне сай, өзге ақпарат жария етілмейді.
Еске салайық, бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттік басшысы Асхат Жұмағали жарты жылдықтың қорытындысы бойынша агенттіктіктің атқарған жұмысы туралы айтқан еді.
Агенттіктің мәліметінше, биыл әлеуметтік салада 95 жемқорлық қылмыс тіркеліп, 58 адам әшкереленді, 34 адам сотталды.
Мәселен, Жетісу облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет облыстық еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті департаментінің бөлім басшысына қатысты тергеуді аяқтады.
Ол мүгедектікті ұзартқаны және тағайындағаны үшін 20-дан 50 мың теңгеге дейінгі мөлшерде пара алды деп күдіктелуде.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотқа жіберілді.
Сонымен қатар, осы жылдың 11 шілдесінде Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты елордалық медициналық орталықтың дәрігері Мәкішевке қатысты үкім шығарды.
Ол науқастан жоспарлы хирургиялық операция жасағаны үшін 500 мың теңге сомасында заңсыз материалдық сыйақы алғаны үшін кінәлі деп танылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.