Қызылжар өңірінің студенттері АҚШ дипломын алатын болады

Dalanews 06 қыр. 2022 15:05 209

Президент Тоқаевтың пәрменімен елімізде 2025 жылға дейін шетелдік беделді деген 5 университеттің филиалдары ашылады. 

Аталған тапсырманы ойдағыдай орындаған маңызды. Осы мақсатта Қызылжар өңірінде М. Қозыбаев атындағы оқу орны мен АҚШ-тың Аризон университеті қос дипломды бағдарламаны жүзеге асыруды бастап кетті.

Университет табалдырығын аттаған алғашқы курс студенттерін құттықтауға еліміздің Ғылым министрі Саясат Нұрбек, СҚО әкімі Құмар Ақсақалов және Аризона университетінің вице-президенті Лизл Фокс бастаған делегация арнайы келді.

"Бүгін оқу орнының тарихындағы есте қаларлық ерекше күн, маңызды сәт. Аризона университетімен бірлескен қос дипломды білім алу бағдарламасы бастау алды. Бұл университет әлемдегі ең үздік оқу орындарының бірі, бұған қол жеткізу үшін көп тер төктік, шетелдік әріптестермен келіссөз жүргіздік. Осынау жоба білім-ғылым саласынан бөлек, өңірдің дамуына да шарапатын тигізеді", – деді шараның шымылдығын түрген Құмар Ақсақалов.


Халықаралық бағдарламаға бірінші курсқа аяқ басқан 170 студент іріктеліп алынған, олардың барлығы арнайы мемлекеттік гранттың жеңімпаздары. Бұдан былай жыл сайын осы бағыт бойынша 500 грант бөлініп отырмақ.



Студенттер үш жыл өз елімізде білім алса, төртінші курсты Аризонада тәмәмдайтын болады. Оқу бітірген түлектер қос диплом иегері атанады.

"АҚШ-тың алпауыт оқу орнымен байланыс орнатқан біздің өңірдің тартымдылығы артып, облысқа жас кадрлар ағылады деген сенімдеміз. Қазірдің өзінде оң үрдіс байқалады. Жаңа халықаралық бағдарлама бойынша білім алуға еліміздің 7 өңірінен ізденімпаз, алғыр жастар арнайы келген", – деді осы орайда аймақ басшысы.



М. Қозыбаев атындағы университет өз кезегінде оқу орнының инфрақұрылымдарын жетілдіру үстінде. Қазір ғылыми зерттеу корпусының құрылысы жүріп жатыр.



Ол аяқталған сәтте мұнда 70-ке жуық ғылыми, танымдық және виртуалды зертханалар орналасатын болады. Бұдан сырт алдағы уақытта университет студенттеріне арнап 1,4 мың орынға лайықталған 3 жатахана бой көтереді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x