"Қызғаныш ақыры - 8 жыл түрме". Әйелінің бұрынғы күйеуін өлтірмек болған ер адам сотталды

Көркем Алдабергенова 12 қар. 2025 09:36

Сарыағашта әйелінің бұрынғы күйеуін қызғаныштан өлтірмек болған ер адамға қатысты қылмыстық істің тергеуі аяқталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ер адамды кінәлі деп танып, оны орта қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

Тергеу материалдарына сәйкес, жанжал әйелдің қазіргі және бұрынғы жұбайларының арасында болған. Қылмысқа қызғаныш пен жеке араздық себеп болған.

Бұрынғы күйеуі әйелінің үйіне құжаттарын алу үшін келген. Бұл жағдай әйелдің қазіргі азаматтық күйеуінің ашуына тиген. Бір аптадан кейін ол ер адамға шабуыл жасауға бел буған. Айыпталушы жәбірленушіге 9 рет пышақ сұққан. Абырой болғанда, оқиға куәгерінің дер кезінде араласуының арқасында қанды қылмыстың соңы қайғылы жағдайға ұласқан жоқ.

Айта кетсек, әйел жеті жыл бұрын бұрынғы күйеуімен ажырасқан және қазіргі азаматтық жұбайымен бірге екі қыз тәрбиелеп отырған.

Сотта айыпталушы өз кінәсін ішінара мойындады. Ал жәбірленуші оны кешіргенін және ренішінің жоқ екенін айтты. Соған қарамастан, сот ер адамды 8 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар