Қытай Сыртқы істер министрі Ван И Мюнхен қауіпсіздік конференциясының ашылуында сөз сөйлеп, Ресей мен Украина арасындағы келіссөздерге қатысты пікір білдірді, деп жазады Dalanews.kz.
Бұл ретте Kazinform BILD-ке сілтеме жасай отырып, Қытай Сыртқы істер министрі Ван Идің сөзін былай келтіреді:
- Қытай үшін еуропалықтар қарсылас емес, серіктес. Бұл біздің көпполярлы әлеміміздегі өте маңызды полюс.
Сонымен қатар Ван И Америка Құрама Штаттарының билігіне Қытайды тежеуге тырысудың қажеті жоқтығын айтты. ҚХР өкілінің айтуынша, бұл Бейжің тарапынан шешуші әрекетке баруға түрткі болады.
Ван И Ресей мен Украина арасындағы бітімге келу мүмкіндігі бар келіссөздерге қатысты да пікір білдірді.
"Бейжің Украина қақтығысын шешуге қатысты барлық амалдарды, соның ішінде соңғы күндері АҚШ-тың Ресей Федерациясымен түсіністікке қол жеткізгенін құптайды. Барлық тарап Украина бойынша бейбіт келіссөздерге тиісті уақытта қатысуы керек", - деді дипломат.
Ол Қытайдың ресейлік газды алудан бас тартуға дайын еместігін, өйткені басқа елдер Қытайға қажетті көп ресурсты жеткізе алмайтынын атап өтті.