АҚШ президенті Дональд Трамп пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин 14-15 мамыр күндері Бейжіңде кездесіп, Ирандағы соғысқа байланысты кейінге қалған бірқатар маңызды мәселені талқылауы мүмкін, деп хабарлайды dalanews.kz.
Cарапшылардың пікірінше, келіссөздер барысында бес негізгі бағытқа басымдық беріледі деп жоспарланып отыр.
Алғашқысы - сауда соғысы мен экономикалық қатынастар. Тараптар уақытша сауда келісімін ұзарту және жаңа тарифтер енгізілуіне жол бермеу мәселесін қарастырмақ. Сондай-ақ, өзара инвестицияны арттыру, Қытайдың АҚШ-тан энергия ресурстары, ауыл шаруашылығы өнімдері, Boeing ұшақтарын сатып алуын көбейту жайы талқылануы ықтимал.
Келесі маңызды тақырып - сирек жер металдары мен жартылай өткізгіштерге қатысты технологиялық ынтымақтастық. АҚШ өндіріс пен қорғаныс саласына қажет шикізат жеткізілімін күшейтуді көздесе, Қытай жоғары технологияларға қойылған шектеулерді жеңілдетуге мүдделі.
Кездесуде Иран мәселесі мен Ормуз бұғазындағы жағдай да қозғалады. Трамп бұғаз ашық болуын және энергетикалық дағдарыс ушықпауын талап етуі мүмкін. Ал Қытай Таяу Шығыстағы өз мүддеcін және мұнай импортын қорғауға назар аударып отыр.
Тайвань мәселесі Бейжің үшін негізгі саяси тақырыптардың бірі болып қала береді. Си Цзиньпин АҚШ-тың аралға әскери әрі саяси қолдауын азайтуды сұрап, Қытайдың ұстанымын тағы да білдіруі ықтимал.
Сонымен қатар, тараптар жасанды интеллект пен технологиялық қауіпсіздік мәселесін де талқыламақ.