Қытай "газсырап" тұр. Тоқаев қандай шешім қабылдайды?

Dalanews 09 жел. 2022 06:07 795

 Еліміздің экономика саласында қайта қарайтын мәселе көп. Жақында президент Қ.Тоқаев экспортты қысқартып, ішкі сұранысты қанағаттандыру керектігіне тоқталды.

Бүгінде Қазақстан Өзбекстан сияқты Ресейден газ импорттауды қарастырып отыр.

Алайда, Қазақстан билігі ішкі сұранысты қанағаттандыру үшін экспортты шектеуге уәде берсе де, Қытай қыс мезгілінде еліміздің табиғи газ жеткізуді ұлғайтуға келісім беретінінен үміті зор деп хабарлайды Dalanews.kz.

ҚХР Премьер-министрі Ли Кэцян 29 қарашадағы бейнеконференция барысында «Біз келісім-шартқа сәйкес, Қазақстан Қытайға тұрақты газ жеткізуді қамтамасыз етеді және қыс мезгілінде оны барынша арттырады деп үміттенеміз», – деп кесіп айтты қазақстандық әріптесі Әлихан Смайыловқа қарата.

Оның бұл мәлімдемесі Қытайдың мемлекеттік телеарнасы арқылы таратылды.

Еске сала кетсек, маусым айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев газ экспортын қысқартуды және Қазақстан ішіндегі тұтынушыларды қосымша 2 миллиард текше метр отынмен қамтамасыз етуді тапсырды.

Ол шетел  инвесторларымен өткен конференциясында «Газға деген ішкі сұранысты қанағаттандыру мәселесі оның экспортымен салыстырғанда сөзсіз басымдыққа ие», – деп қадап айтқан болатын.


Сол кезде Тоқаев ішкі тұтынуға бөлінген қосымша газ АҚШ-тың энергетикалық алпауыты «Шеврон» жетекшілік ететін консорциум игеріп жатқан Теңіз кенішінен келетінін де тілге тиек еткен.

Демек, ұзақ мерзімді перспективада газ экспорты азайғанымен, оған ішкі сұраныс артып келеді. Бұл бір жағынан Алматыдағы ірі электр станциясын көмірден газға көшірумен байланысты. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев тамыз айында Алматыдағы көмірмен жұмыс істейтін ЖЭО-ны түрлендіру оның зиянды шығарындыларын 80 пайызға азайту керектігін айтқан болатын.

Ал маусым айында алдағы жылдары газдың тапшылығы қаупі туындайтыны туралы бірінші болып QazaqGaz газ құбыры компаниясының басқарма төрағасы Санжар Жаркешов пікір білдірді.

Ол депутаттар алдында сөйлеген сөзінде тез арада шұғыл шаралар қабылданбаса, елді ауыр дағдарыс күтіп тұрғанын да ескерткен еді.

Мамандардың болжамына сүйенсек, 2024 жылға қарай ішкі нарықтағы газдың жылдық тапшылығы шамамен 1,7 миллиард текше метрге жетуі мүмкін. Бұл тұрғыда Санжар Жаркешов 2023 жылға қарай газ экспорты толығымен тоқтауы ықтималдығын да жасырған жоқ.

Дәл осы сәтте, яғни 28 қарашада Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путин «үшжақты газ одағын» құру мәселесін талқыға салды.


Қазақстан президенті Тоқаев өз пікірінде «Оған Өзбекстан да кіруі тиіс. Бұл одақтың мақсаты – Ресей газын Орталық Азияға жеткізуді үйлестіру» деген-ді.

Әзірге Қазақстан бұл ұсынысты зерттеп жатыр. Бірақ әлі түпкілікті шешім қабылдаған жоқ. Өзбекстан да Қазақстан сияқты ірі газ өндіруші болғанымен, қазір газ тапшылығына тап болып отыр.

Айталық, Энергетика министрінің орынбасары Шерзод Ходжаев күн суытқаннан кейін ішкі сұраныстың өсуіне байланысты күнделікті газ экспорты 10 миллион текше метрден 1 миллион текше метрге дейін төмендегенін хабарлады. Алайда, ол Өзбекстанның газды қайдан алатынын нақтылауды елемей, импорт көлемі 20 пайызға өскенін айтты.

Бұған дейін Энергетика министрлігі 2022 жылы газ экспорты 3,3 миллиард текше метрге жетеді деп болжаған. Мұның негізгі бөлігі Қытайға, сондай-ақ Орталық Азияның басқа елдеріне тасымалданады.

Сонымен, газ тапшылығы туындап тұрған уақытта ішкі сұранысты қалай қамтамасыз етуге болады? Үшжақты газ одағына Өзбекстан кіре ме, жоқ па? Ал Қытайдың сенімді түрде ресми Астанаға мойын бұрып, үміт артуы қаншалықты дұрыс? Әзірге бұл түйткілдер тақырыпқа тұздық қана болып тұр.

Экономика тақырыбына терең талдау жасайтын арнаға тіркелуді ұмытпаңыз: t.me/dalainside

 

https://dalanews.kz/qogam/84152-ayes-qurylysynyng-yekonomikalyq-tiimdi

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар