Әйелін өлтірді деп айыпталып отырған Қуандық Бишімбаевқа қатысты бүгінгі сот отырысында Бишімбаевтың інісі әрі екінші айыпталушы Бақытжан Байжанов өзіне қысым жасалып жатқанын айтып, тосын мәлімдеме жасады.
Әлеуметтік желіде Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Назым Қахарман да бүгінгі сот отырысына қатысты пікір білдіріп, тек Байжановқа емес, оған да қысым жасалып жатқанын жеткізді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сот отырысында Байжановтың адвокаты сотқа өтініш жасады. Оның сөзінше, Байжанов Бишімбаевтан бөлек отырғысы келеді.
"Бишімбаевты Байжановтан алыс отырғызу қажет. Байжанов өзіне қысым көрсетіліп жатыр деп санайды. Олардың арасында кикілжің болып жатыр. Тым құрығанда ертеңгі отырыста Қуандықтан аулақ отырса болар еді", - деді Байжановтың адвокаты.
Кейін мұны Бишімбаевтың інісі Байжановтың өзі де растады.
"Ол маған жауап беру кезінде "былай айт, былай айт" деп қысым көрсетіп жатыр", - деді Байжанов.
Бақытжан Байжановқа Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айтып тағылған:
- 432-бабы (аса ауыр қылмысты жасырып қалу);
- 434-бабы (аса ауыр қылмысты хабарламау).
Сонымен қатар, бұған дейін прокурор Ерлан Өтегенов Салтанат Нүкенованың өлімі бойынша ұсталған екінші адам Қуандық Бишімбаевтың туысы екенін растаған еді. Яғни ол - Байжанов.
Ал бүгінгі сот отырысынан кейін Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Назым Қахарман да өзіне қысым көрсетіліп жатқанын жеткізді.
"...Тіпті сотта да бүкіл елдің көзінше оған (Байжановқа - еск.) абьюзерлік қарым-қатынас жасап жатыр. Тек оған емес (ол сотталушылар орындығында бірге отыр), маған да қысым көрсетуге тырысып жатыр. Сондай қорқынышты. Сот Бақытжанды одан алыстатады деп үміттенемін", - деп жазды ол.
Бұған дейінгі сот отырысында Бақытжан Байжанов қылмыс жасады ма, жоқ па, оны өзі де білмейтінін айтқан еді.
"Мен видеоны өшіруді сұрағанымды, сондай-ақ, Салтанаттың телефонын үйіне алып кетуді сұрағанымды мойындаймын, қылмыс жасадым ба, білмеймін. Мен ол кезде Салтанаттың өлім алдында жатқанын немесе өлгенін білмедім, түсінбедім", - деді ол сотта.
Ал кейінгі сот отырыстарының бірінде қайғылы оқиға болған мейрамханада жұмыс істеген қызметкер Бишімбаевтың інісі видеоларды қалай өшірткенін айтқан болатын.
"9 қарашада таңғы сағат 10-да жұмысқа келдім. Кабинетке келіп, ноутбукты аштым. Менің жұмысым жалға алушылармен кездесу болатын. Әдеттегідей жұмысымды істеп жүрдім. 12.00-13.00 шамасында мейрамханаларды аралап шығамын. Сол күні 13.00-де мейрамхананы аралап шықтым, бірінші қабатта бәрі жұмыс істеп тұрды. Екінші қабаттағы BAU мейрамханасы жұмыс істемей тұрды. Әкімшіден неге ашылмағанын сұрадым. Әкімші оларда санитарлық күн екенін айтты. Мен жақсы деп, өз жұмысыммен кете бердім", - дейді куәгер.
Сол күні 14.00 шамасында әкімші келіп, Бақытжан Байжанов (Бишімбаевпен бірге сотта күдікті ретіндегі адам әрі оның туысы) хабарласып, бейнекамерадағы видеоларды өшіруді сұрағанын айтқан.
"Бүкіл гастроорталықтағы видеоны өшіруді сұрады. Артынан Бақытжан Байжанов та келіп видеоларды өшіруімді сұрады. Не үшін өшіру керегін нақтыламадым", - дейді куәгер.
Мейрамхананың бұрынғы қызметкері шамамен 15 минуттай сервер кабинетінде болып, видеоларды өшіріп, шығып кеткен.
"Видеоларды көрген жоқпын. Мен диспетчерлік кабинеттен шығып, кілтті әкімшіге беріп, кеттім", - деді бұған дейінгі сот отырысында куәгер.