Қырғызстанда түрмеден шыққан кәсіпкер тікұшақпен кетіп қалған

Көркем Алдабергенова 06 нау. 2026 11:05

Қырғызстанда вебкам-студиялар желісінің негізін қалаушы Даниэль Ажиев колониядан шыққаннан кейін тікұшақпен кетпек болған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Елдің Төтенше жағдайлар министрлігі тікұшақтың шынымен пайдаланылғанын растады. Алайда оны Ажиевтің өзі емес, басқа адам жалға алған. Ұшу құны шамамен 1,5 млн теңге.

Кейін бұл жағдайға Қырғызстан президенті Садыр Жапаров та пікір білдірді. Ол Ажиевтің рақымшылық арқылы босатылғанын растады. Президенттің айтуынша, оған сотталған азаматтың анасы жүгініп, отбасындағы ауыр жағдай туралы айтып, ұлын кешіруді сұраған.

«Ажиевке қатысты жағдайға қайта оралсақ, мұны естігенде мен өзім де таңғалдым. Егер анасы “бізде ештеңе қалмады” деп жылап келген болса, ал оның ұлы сол кезде тікұшақ жалға алып, түрмеден ұшып кетпек болса, онда мен “мені алдаған екен” деп ойладым», – деді ол.

Жапаровтың айтуынша, тікұшақ туралы білгеннен кейін борт кері бұрылған. Соның нәтижесінде Ажиев үйіне тікұшақпен емес, автокөлікпен кеткен.

Еске салайық, 2024 жылдың күзінде Ажиев вебкам-студиялар ұйымдастырды, порнография таратты және мүліктік залал келтірді деген айыппен 9 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove