Қырғызстанда балаларды зорлау, сондай-ақ әйелдерді зорлап өлтіру қылмыстары үшін өлім жазасын енгізу қарастырылып жатыр. Бұл туралы Facebook парақшасында президент Садыр Жапаровтың баспасөз хатшысы Аскат Алагозов мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Әңгіме балаларды зорлағаны үшін, сондай-ақ әйелдерді зорлап өлтіргені үшін өлім жазасын енгізу жайында болып отыр. Президент Садыр Жапаровтың пікірінше, әсіресе балалар мен әйелдерге қарсы қылмыстар жазасыз қалмауы тиіс.
Мұндай шешім шығаруға 17 жастағы Айсулуу Мұқашеваны зорлап, аяусыз өлтіру оқиғасы себеп болды. Қылмысты жасаған деген күдікпен Бішкектің 41 жастағы тұрғыны ұсталды. Тергеуде ол Айсулууды ұрлап, зорлап, өлтіргенін айтқан. Марқұмның денесін Ыстықкөл маңына көміп, кейін қайта келіп, денені қазып алып, Боом шатқалына тастаған. Қайтыс болған қыздың туыстары күдіктінің бұған дейін де жыныстық зорлық жасағаны үшін жауапқа тартылғанын, бірақ жазадан құтылып кеткенін мәлімдеді.
Қырғызстан заңнамасында өлім жазасы бұған дейін де болған. Алайда 2007 жылы ол алынып тасталып, орнына өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы енгізілген еді.