Қырғызстан билігі жыныстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Елде балалар мен әйелдерге қарсы ауыр қылмыстар үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру енгізілмек.
Қырғызстанда балалар мен әйелдерге қарсы жасалған ауыр қылмыстар, соның ішінде педофилия мен зорлау арқылы жасалған кісі өлтіру фактілері үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын енгізу көзделген заң жобасы талқыланып жатыр. Тиісті заң жобасын республика президенті Садыр Жапаровтің әкімшілігі қоғамдық талқылауға шығарды.
Бастамаға сәйкес, Қырғыз Республикасында педофилия және зорлаумен ұштасқан кісі өлтіру қылмыстары үшін баламасыз жаза белгіленбек. Яғни, мұндай істер бойынша жаза мерзімін жеңілдету немесе басқа жаза түріне ауыстыру мүмкіндігі болмайды. Сонымен қатар, заң жобасында сотталғандардың мүлкін тәркілеу де қарастырылған.
