Қымбат аялдамалар бір қысқа шыдамады

Dalanews 14 шіл. 2016 06:57 279




Монша-аялдама! Астанада бюджеттің миллиондары жұмсалған мақтаулы аялдамалар жұртты аптан ыстықтан қорғай алмады. Өйткені, жарнамасы жер жарған қымбат павильондарда кондиционер атымен жоқ. Сондықтан қайнаған аялдаманы жолаушылар «монша» деп атап кеткен. Астаналықтарды естен тандырған шілденің шіліңгір ыстығы жайлы КТК телеарнасы хабарлады.


 Далада +32 градус, ал бұл аялдаманың ішінде сынап бағанасы +35 градусты көрсетіп тұр. Мүлдем ауа жоқ. Қапырық. Сондықтан ыстыққа шыдамай басы айналған адамдар автобусын сыртта күтуге мәжбүр.


Ысқақ Мәкешов, Астана қаласының тұрғыны:

-Естігенбіз қымбат екенін аялдаманың . Есік ашық тұр ғой. Есік жабылып қалса отыру мүмкін емес отыру. «Монша –парилка» боп кетеді.

Осы «моншада» Ысқақ Мәкешов те ұзақ отыра алмады. Бір қызығы, Астананың бұрынғы әкімі Әділбек Жақсыбеков мақтаулы нысанда жазда кондиционер болады деп сендірген. Әйтсе де, жоспар аяқ-асты өзгеріп салқындатқыш енді жаңадан тұрғызылатын аялдамаларға орнатылмақшы екен. Бұл шаруа үшін бюджеттен тағы қаржы бөлініп қойған.

-Ал былтыр салынған павильондардың жылытатын пеші, интернеті, камерасы болғанымен, кондиционерге ақша жетпей қалғанға ұқсайды. Елорда әкімдігі салқындатқыш жобада мүлдем қарастырылмаған, тек желдеткіш қойылған деп ақталып отыр. Бірақ онысы да істеп тұрған жоқ.

Жалпы, жолаушыларды Астананың ақ түтек боранынан қорғайды делінген бұл аялдаманың басынан дау арылмай-ақ қойды. Алғашқы аязға шыдамай есігі сынып, электронды тақтайшасы істен шыққан. Ал мұндай аялдаманың бағасы арзан емес. Шенеуніктер оның әрқайсысына бюджеттің 10 миллион теңгесін жұмсаған. Осы кезде,Ресейдің Краснояр қаласында дәл осындай аялдаманың құны 3 есе арзанға салыныпты.

Шыжыған ыстықтан есі шыққан елордалықтар қазір бала-шағасымен субұрқақ суына шомылып жүр. Осылайша, шақырайған күннің қызуынан әркім өз бетінше қорғанып әлек. Тек қан қысымы бар тұрғындар үйінде қамалып отыруға мәжбүр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x