“Қылмыстың өршуі байқалмайды”. Қожаев көпшілікті алаңдатқан сұраққа жауап берді

Қаракөз Амантай 24 қаз. 2024 14:31 447

ІІМ бұрынғы орынбасары, қазіргі сенат депутаты Марат Қожаев Қазақстанда қылмыстың өршіп тұрғаны жайлы пікірлерді жоққа шығарды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оңтүстік Қазақстандағы қылмыстың өсуі туралы сұраққа жауап берген Қожаев ресми деректерге сүйенуді ұсынды. Айтуынша, елде қылмыстың өршуі байқалмайды.

“Елімізде қылмыстың өршуі жоқ. Сіздер көшеде еркін жүріп, қоғамдық орындарға барып жүрсіздер, сонда қандай да бір тәртіпсіздіктерді байқап жүрсіздер ме?” – деді сенатор.

Қожаев сонымен қатар журналистерді әлеуметтік желіде артық шу көтереді деп сынға алды.

“Журналистердің логикасы қызық. Шу көтергенде бір пайдасы бар шығар, әрине – құқық қорғау органдары дәлелдемелерді мұқият қарап шығады. Бірақ тағы да қайталап айтайын, сотта әлеуметтік желілердегі шу емес, тек заңды дәлелдер ескеріледі”, – деді ол.

Еске салайық, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім көз жұмды. Жанжал жігіттің отбасы жалға алатын дүкеннен басталған. Туыстарының айтуынша, сауда нүктесіне келген сатып алушы сыра алып, ақшасын төлеуден бас тартқан. Осы жағдайдан кейін төбелес басталған.

Кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша Алматы облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.

Қазіргі таңда кінәлі деп танылған 7 адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған.

15 қазанда Ішкі істер вице-министрі тағы үш күдіктіні ұстағанын мәлім етті.

Ал 18 қазанда тағы бір күдіктіні қолға түсірді.

Сонымен қатар, Алматы облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Шалқаров төбелестен кейін қанша қару тәркіленгенін айтты.

Одан кейін Шерзаттың үйіне күзет қойылды.

Көп ұзамай марқұм Шерзаттың үйі өртенді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар