Алматы прокуратурасы «ҚазМұнайГаз» бен Нұрсұлтан Назарбаев білім беру қорын сотқа берген болатын. Прокурорлар Қазақстан-Британ техникалық университетін (ҚБТУ) сатуды заңсыз деп тануды талап етуде, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Protenge телеграм-арнасының мәліметінше, ҚМГ жоғары оқу орнын қорға 2018 жылы сатып жіберген. Қордың үш меншік иесі бар. Олардың арасында бұрынғы президенттің қызы Динара Құлыбаева да бар.
2023 жылы 7 ақпанда ЖОО-ның басты ғимараты тұрған жерді жалға алу мерзімі аяқталған. ҚБТУ бұл жерді мемлекеттен жалға алып келген.
ҚБТУ жалға алу мерзімін ұзарту туралы өтініш бергенімен, 2023 жылғы маусымда Жер комиссиясы бұдан бас тартқан.
"2023 жылы 14 шілдедегі Алматы қалалық әкімдігінің № 3/370-417 қаулысы да қабылданған", - делінген Алматы қаласы Жер қатынастары басқармасының телеграм-арнаға берген мәліметінде.
Алайда шенеуніктер бұл қарар жайлы ақпарат бермеген. Оның үстіне, бұл құжат жалпыға қолжетімді емес. Осы тұста, арна қарардың ҚБТУ-ға қалай қауіп төндіретінін түсіндіріп беруіне қатысты сауал жолдады.