ҚазҰУ‑да Tus‑Holdings Co. компаниясымен бірлескен бизнес‑инкубатор ашылды

Ақтоты Жапатова 20 мау. 2025 10:32

Farabi HUB инновациялық даму орталығында Әл‑Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті базасында құрылған TusPark Business Incubator Co. бизнес‑инкубаторының салтанатты ашылуы өтті. Оған Tus‑Holdings Co. (ҚХР) делегациясының мүшелері, университет ғалымдары мен оқытушылар қатысты,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Шара ҚазҰУ-дың ғылыми әзірлемелер көрмесімен басталды. Онда қатысушылар перспективалық стартап жобалар мен студенттік бизнес‑инкубатор байқауы жеңімпаздарының жұмыстарымен танысты. Қонақтар назарына жетекші жоғары оқу орнының ғылыми‑білім және инновациялық жетістіктері туралы «FARABI UNIVERSITY – 90» деректі фильмі ұсынылды. 

Салтанатты жиында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев құттықтау сөз сөйлеп, жоба Қазақстан Президенті Қасым‑Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауында айтылған міндеттемелерді жүзеге асыруға бағытталғанын жеткізді. Жолдауда: «Бизнес-инкубатор, коммерцияландыру орталығы, технопарк, құрастыру бюросы сияқты инновациялық инфрақұрылымдар құруға қатысты жеке бастамаларға сөз жүзінде емес, нақты іспен қолдау көрсететін пәрменді шаралар керек», – делінген болатын.  

«Бірлескен инкубатор – бұл инновациялық экожүйеге біріктірілген заманауи инфрақұрылымдық-ұйымдастырушылық платформа. Оның қызметі стартаптарды қолдау мен дамытуға бағытталады. Басты назар DeepTech, цифрлық, биотехнологиялық, биомедициналық және «жасыл» технологияларға аударылады. Инкубатор ғылыми әзірлемелерді бизнес-шешімдерге айналдырудағы озық халықаралық тәжірибені пайдаланып, инновациялық жобалардың жаһандық нарықтарға шығуына ықпал ететін болады», – деп атап өтті ректор.

Шарада Tus‑Holdings Co., Ltd компаниясының атқарушы президенті Джиншен Чжан сөз сөйлеп, жаңа бірлескен жобаның технологияларды трансферлеу, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру және тұрақты бизнес‑модельдерді құруға тиімді платформа болатынын айтты. Бұл  TusHoldings Co., Ltd үшін жаңа кезең – кешенді инновациялық және инвестициялық қызмет көрсететін платформа, ол Цинхуа университетінің (ҚХР) стратегиялық құрамдас бөлігі.

«TusHoldings ғылыми және технологиялық жетістіктерді трансформациялау, стартаптарды инкубаторлау және инновациялық таланттарды дамыту миссиясын орындайды», – деді Джиншен Чжан.

Шара соңында қонақтар TusPark бизнес инкубаторы, «Қашықтықтан зондтау технологиясы мен оларды қолдану» Қазақстан‑Қытай бірлескен зертханасы және суперкомпьютер кластері қызметімен танысты.

Жаңа бизнес‑инкубатор университет және Қытай серіктестері арасындағы ғылыми‑инновациялық серіктестікті нығайтатын және кәсіпкерлік бастамаларды қолдайтын маңызды платформа болмақ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар