Сәтбаев қалалық соты «Қазақмыс» корпорациясына тиесілі жеке қорғаныс құралдарын ұрлаған мердігер ұйымның қызметкеріне қатысты үкім шығарды. Компанияның мәліметінше, келтірілген шығын көлемі 2 131 426 теңге болған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Тергеу материалдарына сәйкес, заңбұзушылықты «Қазақмыс» корпорациясының қауіпсіздік қызметі ішкі тексеру барысында анықтаған. №67 «Батыс» кенішінде қойма меңгерушісі болып жұмыс істеген мердігер ұйымның қызметкері жалған тауар-көлік жүкқұжатын пайдаланып, Ultra-210 маркалы респираторларды заңсыз иемденген.
Ішкі тексеру материалдары кейін құқық қорғау органдарына жолданған. Сотқа дейінгі тергеу кезінде айыпталушы кінәсін толық мойындап, компанияға келтірілген материалдық шығынды толық өтеген. Сондай-ақ кінәні мойындау туралы процестік келісім жасаған.
Сәтбаев қалалық соты оны кінәлі деп танып, 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сондай-ақ сотталған азаматқа пробациялық бақылау белгіленіп, Жәбірленушілерге өтемақы қорына заңда көзделген міндетті төлемді төлеу міндеттелді. Тәркіленген мүлік заңды иесіне қайтарылды.
«Қазақмыс» корпорациясы корпоративтік активтерді қорғау, заң талаптарын сақтау және өндірістегі ашықтық компанияның негізгі қағидаттарының бірі екенін атап өтті. Компания заңсыз әрекеттер анықталған жағдайда барлық материалдар құзырлы мемлекеттік органдарға жолданып, кінәлілер заң аясында жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді.